Израильдің барлау органдары Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеиге шабуыл жасамас бұрын Тегеранның инфрақұрылымын толық бақылауда ұстаған, деп жазады Alash.kz.
Азаттық радиосының дереккөздеріне сүйенсек, израильдік мамандар қала көшелеріндегі бейнекамералар мен байланыс жүйелеріне алдын ала қол жеткізген.
Зерттеу барысында анықталғандай, Израиль барлауы Тегерандағы жол бойындағы камералардың басым бөлігін бұзып кіріп, қауіпсіздік қызметкерлерінің әрбір қадамын сырттай бақылаған. Бейнебақылау жазбалары арнайы шифр арқылы Тель-Авивтегі серверлерге тікелей жіберіліп отырған. Алынған деректер жоғары лауазымды шенеуніктердің қозғалыс бағытын, күзетшілердің жұмыс кестесі мен тұрғылықты мекенжайларын егжей-тегжейлі зерделеуге мүмкіндік берді. Тіпті, Хаменеи резиденциясына келетін көліктердің қай жерге қойылатынына дейін бақыланған.
Осы операцияға қатысқан израильдік барлау қызметкерлерінің бірі дайындық деңгейін былай деп сипаттады:
«Біз Иерусалимді қалай жақсы білсек, Тегеранды да солай білдік. Ал бір жерді өзің өскен көше сияқты бес саусағыңдай білсең, кез келген ұсақ-түйекті лезде байқайсың».
Шабуыл алдында Израиль тарапы аятолла резиденциясының маңындағы ұялы байланыс мұнараларының жұмысына кедергі келтірген. Бұл қауіп туралы ескертудің күзет қызметіне дер кезінде жетпеуі үшін жасалған әрекет болатын. Нәтижесінде байланысқа шықпақ болғандар желінің бос еместігі туралы жалған хабарлама алып отырған.
Басылым дереккөзінің айтуынша, Әли Хаменеи қақтығыс кезінде сақтық шараларын сақтағанымен, сол сәтте қорғаныс бункерінде болмаған.
«Оның бункерінде болмауы – әдеттен тыс жағдай еді. Оның екі бункері бар, егер ол сонда болғанда, Израиль қолындағы бомбалармен оған жете алмас еді», - деп атап өтті ақпарат иесі.