Қазақстанда әртістердің репертуарын «мораль нормаларына» сәйкес тексеру тәртібі енгізілмек, деп жазады Аlash.kz.
Биылғы жылдың 20 сәуірінен бастап елімізде креативті индустрияны қолдау мен дамыту мәселелеріне арналған жаңа заң өз күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, Мәдениет министрлігі мен әкімдіктер отандық және шетелдік орындаушылардың гастрольдік сапарлары мен репертуарларына бақылау жүргізу құзыретіне ие болады.
Жаңа норма бойынша концерттерде заңға және мораль нормаларына қайшы келетін музыкалық туындыларды орындауға тыйым салынады. Арнайы тексеріс барысында зорлық-зомбылыққа, соғысқа, араздықты қоздыруға шақыратын, сондай-ақ есірткіні насихаттайтын немесе порнографиялық мазмұндағы контентке шектеу қойылмақ. Егер шығармалардан осындай элементтер анықталса, авторларға мәтінді өзгерту туралы ұсыныстар беріледі. Бұл талаптар шетелдік әртістерге де ортақ, олар алдағы уақытта жергілікті әкімдіктермен келісімшарт жасасуға міндеттеледі.
Өнер өкілдері бұл өзгерістердің шығармашылық еркіндікке нұқсан келтіруі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдіруде. «Фонограф» тобының солисі әрі гитарисі Мақсат Рысимбетов шектеулердің тетіктеріне қатысты 31 Арнаға берген сұхбатында былай деді:
«Шектеудің өзі - жаман нәрсе, тіпті оны енгізген күннің өзінде де абайлап жасау керек. Сондай-ақ мұны кім бақылайтынын нақты түсіну қажет. Егер артист, әсіресе танымал артист келсе және оған: «мынаны айтасың, мынаны айтпайсың» десе - бұл онша жақсы емес».
Заңгерлер де құжатта «мораль» ұғымының нақты критерийлері көрсетілмегенін алға тартады. Адвокат Евгений Яворский нақты ережелердің болмауы сыбайлас жемқорлыққа немесе шенеуніктердің асыра сілтеуіне әкелуі мүмкін деп есептейді:
«Мұндай заңдарды қабылдау үшін алдымен осының бәрінің түсінігіне не кіретіні белгілі болуы үшін нақты тізім жасау керек. Нақты түсінік жоқ. Бұл түсініктер, сірә, қандай да бір жекелеген шенеуніктердің құзырына берілетін болады. Сосын біз тағы да біреуге бірдеңе ұнайды, біреуге ұнамайды деп баяғы шеңберді айналып жүре береміз. Бұл - сыбайлас жемқорлық құрамдас бөлігі. Концерттер саны азайып, қандай да бір тыйымдар болады».
Мамандардың пікірінше, мұндай шектеулер жаңа хиттердің дүниеге келуіне және концерттік нарықтың дамуына кедергі келтіруі ықтимал. Заңнамадағы жаңашылдықтар 20 сәуірден бастап ресми түрде қолданысқа енгізіледі.