Alash.kz ұлттық порталы Халықаралық әйелдер күніне орай жаңадан әзірлеген жүрекжарды тілектер топтамасын назарларыңызға ұсынады:
Құрметті аналар!
Көгілдір көктемнің ең шуақты мерекесі – аналар мерекесі! Себебі әр отбасының алтын діңгегі, сәуле шашқан шамшырағы, бірлігі мен берекесінің ұйытқысы – Ана! Ана – бір отбасының ғана жебеушісі емес, ол – болашақ қоғамның тәрбиелеушісі. Сондықтан да «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп бекер айтпаған. Мынау дөңгеленген дүние мен тынымсыз тіршілік тек аналармен ажарлы. Олай болса, барлық аналар қауымына зор денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр тілейміз!
***
Аяулы Анашым!
Осы бір көктемнің шуақты күні әлемдегі барлық ақ тілектер Сіздің құрметіңізге арналады. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген сөздің мәні өте терең, себебі Сіз барда төрт құбыламыз түгел, жүрегіміз тыныш, көңіліміз көтеріңкі! Сіз – барлық қиындықты жеңе білетін сарқылмайтын күштің иесі, мейірімділік пен риясыз жақсылықтыің жаршысы, тіршіліктің қайнар бұлағысыз. Сіз – шаңырақтың өшпес шамшырағы, ағайын мен туыстың ұйытқысы, береке мен бірліктің бастауысыз! Сіз барда алаңсызбыз! Әр күніңіз қызық пен қуанышқа толып, денсаулығыңыз мықты болып, ұзақ та бақытты ғұмыр кешіңіз!
Мейірімі күннің алтын шуағы,
Тіршіліктің таусылмайтын бұлағы.
Қуанышын баласының көргенде,
Ана-көңіл күлім қағып тұрады.
***
Құрметті әйел-аналар!
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі құтты болсын! Көктемнің алғашқы шуағымен, табиғаттың жаңғыруымен қатар келген бұл мереке – барша әйелдер қауымына деген құрмет пен алғыстың шынайы белгісі! Сіздер мейірімділік пен ізгіліктің бастау бұлағы, сұлулық пен әсемдіктің көркем үлгісі, ақылдылық пен даналықтың жаршысыздар! Сіздермен өмір мәнді де сәнді! Олай болса, көктемнің осынау шуақты мерекесі көңілдеріңізді нұрға, жүректеріңізді жырға, құшақтарыңызды гүлге толтырсын!
***
Ардақты әже!
Сіз жүрегі қазақтың ен даласындай кең, көңілі саф алтындай таза, құшағы күннің шуағындай жылы ерекше жансыз! Қуанғанда, шын жүректен шаттанатын, қиналғанда, ақ пейілімен қолдайтын, жығылғанда, періштедей жебейтін де – Сіз! Әжетайым немереңнің тілеуін тілеп, денмаулығыңыз мықты болып, ұзақ та алаңсыз ғұмыр кеше беріңіз!
***
Құрметті бауырым! Анаңды құрметте, анаңды сыйла, анаңды аяла!
«Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың» деген сөздің мәнісіне біреу жетер, біреу жетпес. Себебі анаңдай жанашыр, анаңдай тілекші, анаңдай риясыз жақсылық жасайтын адам бұл әлемде жоқ екені анық! Сені қандай жағдайда да жақсы көретін, қандай болсаң да сүйетін, ақтық демі қалғанша сен деп өтетін жалғыз адам – Анаң! Анаңа сенен көп нәрсе керек емес. Сенің жылы сөзің, жақсы болып жүргенің, сенің жетістігің, өсіп-өнгенің – ана үшін бір Бақыт! Олай болса, анаңның көзі тірісінде жылы сөзіңді аяма, жақсылығыңды шектеме! «Жаннат – аналардың аяғының астында, аналардың ақ батасында» екенін ұмытпа!
***
Ардақты әжелер, құрметті аналар, аяулы арулар! Мерекелеріңіз құтты болсын!
Адамзат баласына өмір сыйлар құдірет иесі, тіршіліктің өзегі, өмірдің тірегі – Сіздерсіздер! Сондықтан да алтын құрсақты ананы алып та, батыр да, ақын да, жыршы да құрметтейді. Қазақ қоғамында қай заманда болсын ананың орны ерекше: сөзі өтімді, беделі жоғары, қадір-қасиеті мол болған! Тұмардай батыр аналар, Заринадай қайсар қыздар, Домалақ анадай парасатты жандар көп болған. Ұрпаққа өнегелі тәрбие мен ұлағатты сөз қалдырған асыл аналарымыз аман болсын!
Өздеріңді қадір тұтқан бабалар.
Аналардан туған небір даналар.
Ана деген – тіршіліктің тірегі,
Аман болғай, қасиетті аналар!
***
Ынтымағы келіскен, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақтың құт-берекесі – Ана. Сондықтан да әр шаңырақтың, шағын мемлекеттің, тағдыры Ананың қолында! Ана – отбасы жылуын сақтаушы, берекесі, ОТАНАСЫ! Сондықтан әрбір АНА құрмет пен алғысқа, сый мен марапатқа лайық! Аналарымыз аман болсын!
***
Қазақтың қыздары, Тоғжанның сіңілілері, мерекелерің құтты болсын!
Қай заманда болсын қазақтың қыздары ақылына көркі сай, нәзік те қайсар, тапқыр да дана, көрікті де келбетті, әдепті де кішіпейіл болған. Жан сұлулығымен айналасына нұр шашып, көңілі көктемдей көрікті, жүрегі саф алтындай таза, жүрісі шашбауының сылдыры да естілмейтіндей, еліктің лағындай сүйкімді болған! Осы болмыстарыңды сақтап, гүлдей құлпырып, жүре беріңдер!
***
Аяулы арулар!
Көктемнің ең әдемі, ең шуақты мерекесімен құттықтаймыз!
Сіздер бір отбасының ұйытқысы ғана емес, бүкіл әлемді аялы алақандарыңызбен тербете алатын, мейірім мен сүйіспеншілікпен нұрландыратын, адамзат баласының АРЫ, РУХЫ, ЖІГЕРІСІЗДЕР! Сіздер еліміздегі береке мен бірліктің, тыныштық мен төзімділіктің, парасат пен даналықтың, ізгілік пен мейірімділіктің, жарқын болашаққа деген сенімнің де бастау бұлағысыздар!
Осы өмірге сән беріп, мейірім мен шуақ шашып, жылу таратып тұрғандарыңызды, қашан да өздеріңіздің сыйлы, сүйікті, аяулы да ардақты екендеріңізді ұмытпаңыздар! Сіздерсіз мына дүние бос, сондықтан да әр күндеріңіз арайлап атып, қызық-қуанышқа бөленсін, көңілдеріңіз көтеріңкі, жүздеріңіз нұрлы, жүректеріңіз тыныш болсын!
***
Қадірлі менің қарындасым!
Мерекең құтты болсын! Әрқашан сүйкімді, ақылды, ибалы, адал бол! Көңілің жарқын, жүзің нұрлы, мінезің көркем болсын! Мазмұнды да мәнді өмір, баянды бақыт, ұзақ ғұмыр тілеймін! Анаңның қуанышы, әкеңнің мақтанышы бол! Әрқашан жолың ашық болсын!
- Alash.kz порталының 8 наурыз мерекесіне арнайы дайындаған жүрекжарды, әсерлі де әдемі тілектерінің өзге де нұсқаларын оқып, аяулы аналар мен аруларға ақ тілектеріңізді арнаңыздар!
- 14 наурыз – Амал мерекесі, Көрісу күніне арналған бата-тілектер!
- 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні, әз-Наурызға арналған үздік тілектер мен құттықтаулар