АҚШ Президенті Дональд Трамптың қолында пайда болған көгеру белгісі әлемдік БАҚ-тың назарын тағы да өзіне аударды. Бұған дейін денсаулыққа қатысты түрлі қауесеттер тудырған бұл жағдайға Ақ үй ресми түсініктеме беріп, оның себебін техникалық жарақатпен байланыстырды, деп жазады Alash.kz.
Осыған дейін Трамптың оң қолындағы дақтарды жеке дәрігері Шон Барбабелла аспириннің жанама әсері мен жиі қол алысудан болған физикалық жүктеме деп түсіндіріп келген еді. Алайда бұл жолы осындай белгі Президенттің сол қолынан байқалды. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт CNN телеарнасына берген сұхбатында бұл құбылыстың нақты себебін атады. Оның айтуынша, 22 қаңтарда Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум кезінде Трамп «қол қою үстеліне» қолын соғып алған. Бұл оқиға Президент пен тағы 19 мемлекет өкілдері жаңа халықаралық құрылымның құжаттарына қол қою сәтінде орын алған.
Бұл ишара мен жарақаттың «Бейбітшілік кеңесі» атты жаңа ұйымның құрылуымен тұспа-тұс келуі саяси маңызға ие. Трамптың бастамасымен құрылған бұл кеңес болашақта қақтығыстарды реттеуде Біріккен Ұлттар Ұйымына басты бәсекелес болады деп жоспарлануда. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам Трампқа президенттік өкілеттігі аяқталғаннан кейін де әлемдік аренадағы ықпалын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Ақ үй Президенттің денсаулығына қатысты ешқандай қауіп жоқ екенін және бұл белгінің тек уақытша синяк екенін алға тартып отыр. Сондай-ақ ресми өкілдер Трамптың жұмыс кестесінің өте тығыз екенін және оның саяси белсенділігіне бұл жағдайдың еш кедергі келтірмейтінін атап өтті.