Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи қайтыс болғаннан кейін, оның орнына екінші ұлы, 56 жастағы Моджтаба Хаменеи келді, деп жазады Alash.kz.
Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, Моджтаба Хаменеи әкесінің қазасынан кейін елдегі ең жоғары лауазымға басты үміткер ретінде қарастырылған. Тегерандағы шенеуніктер мен сарапшылар оның билік басына келуін елдегі тұрақтылықты сақтаудың тиімді жолы деп санайды. Дегенмен сарапшылар бұл тағайындау жаңа лидерді АҚШ пен Израильдің тікелей нысанасына айналдыруы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Тегерандық сарапшы Мехди Рахмати жаңа басшының қабілетіне қатысты мынадай пікір білдірді: «Моджтаба қазіргі таңда ең дұрыс таңдау, өйткені ол күштік құрылымдар мен әскери аппаратты басқару және үйлестіру ісін жетік біледі». Сонымен қатар кейбір саясаткерлер Моджтаба Хаменеи билікке келген жағдайда өзін «прогрессивті лидер» ретінде көрсетуі мүмкін екенін болжайды.
Айта кетерлігі, шииттік діни дәстүрде биліктің мұрагерлік жолмен берілуі әдетте құпталмайды, бұл жаңа басшыға қатысты қоғамның бір бөлігінде наразылық тудыруы ықтимал. Бұған дейін аталған лауазымға басты кандидаттардың қатарында Садек Лариджани де аталған болатын. Қазіргі уақытта Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары ресми мәлімдеме жасауға асығар емес, ал соңғы шешімді Сарапшылар кеңесі бекітуі тиіс.