АҚШ Президенті Дональд Трамп Испаниямен арадағы барлық сауда байланыстарын үзу ниетін білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Мұндай шешімге ресми Мадридтің Иранға қарсы әскери іс-қимылдар кезінде өз аумағындағы базаларды пайдалануға рұқсат бермеуі себеп болған.
Дональд Трамп бұл мәлімдемені Вашингтонда Германия канцлері Фридрих Мерцпен өткен кездесу барысында жасады. Бұған дейін Испания билігі АҚШ-тың Иранға бағытталған операциялары үшін өз еліндегі әуе және әскери нысандарын қолдануға тыйым салған болатын. Бұл ұстаным екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың шиеленісуіне алып келді.
Сонымен қатар аймақтағы әскери ахуал ушыға түсуде. Израиль тарапы Иранмен қатар Оңтүстік Ливан аумағына да әуеден соққы берді. Ресми деректерге сүйенсек, бұл қадам Хезболла тобының жасаған шабуылдарына қайтарылған жауап ретінде сипатталып отыр.
Оқиға барысында Иранның жоғарғы жетекшісін тағайындауға жауапты, құрамында 88 мүшесі бар орган орналасқан ғимаратқа да зымыран түскені белгілі болды. Алайда ғимарат ішіндегі қызметкерлер мен мүшелер соққы басталғанға дейін қауіпсіз жерге эвакуацияланып үлгерген. Қазіргі уақытта Таяу Шығыстағы жағдай халықаралық қауымдастықтың жіті бақылауында қалып отыр.