Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Некелескен 100 жұптың жартысына жуысы ажырасқан". Елде ажырасатындар екі есе көбейді

15:34, 04 наурыз 2026

2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айлары аралығында Қазақстанда 114,5 мың неке тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға аз. Көрсеткіш бақылау жүргізілген барлық кезеңдегі ең төменгі деңгей ретінде тіркелді, деп хабарлайды Аlash.kz порталы.

Сарапшылардың мәліметінше, елде ажырасулар саны айтарлықтай өскен. Бір жыл ішінде АХАЖ органдары 45,5 мың ажырасуды тіркеген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,9 пайызға жоғары.

Салыстырмалы түрде алғанда, 2020–2023 жылдары жыл сайын 17–22 мың ажырасу тіркеліп келген. Алайда 2024 жылы статистикада күрт өсім байқалып, бұл үрдіс 2025 жылы да жалғасқан.

Өңірлік бөліністе 2025 жылы ең көп неке Алматы қаласында, Түркістан облысында және Астанада тіркелген. Ал ажырасулар бойынша көшбасшылар қатарында Алматы мен Астана қалалары, сондай-ақ Қарағанды облысы бар.

Ажырасулар мен некелердің ең жоғары арақатынасы мына өңірлерде байқалды:

  • Солтүстік Қазақстан облысы – 100 неке және 59 ажырасу;

  • Павлодар облысы – 100 неке және 58 ажырасу;

  • Қарағанды облысы – 100 неке және 54 ажырасу;

  • Қостанай облысы – 100 неке және 52 ажырасу.

Неке белсенділігі дәстүрлі түрде қалаларда шоғырланған. 2025 жылы қалалық жерлерде 78 мың неке тіркелсе, ауылдық жерлерде 36,5 мың неке қиылған.

Ажырасулар саны да қалаларда жоғары: 33,8 мың. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 11,7 мыңды құраған. Статистикаға сәйкес, 100 қалалық некеге шамамен 43 ажырасудан келсе, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 32-ні құрайды.

Сарапшылар мұндай динамика демографиялық ахуал мен әлеуметтік тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін екенін атады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар