Түркістан облысындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің атауы өзгермейтін болды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Бұл жайлы Мәжіліс депутаты, кәсіпкер Айдарбек Ходжаназаров мәлімдеді:
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мырзамен хабарластық… Бекзат Саттарханов ағамыздың атындағы спорт кешенінің аты ауыспайды. Өзгермейді, чемпионымыздың атында қала береді. Кешеден бері алаңдап жатқан ағайын үшін арнайы жазып отырмын, - деді депутат.
Еске сала кетейік, бұған дейін де депутат бұл жағдайға қынжылысын жеткізген:
Әруақты құрметтеген халықпыз. Түркістан облысында марқұм Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенін басқа спортшының атына беру туралы хабарды естіп, түсінбей отырмын. Бұл қате жағдай. Кім мұндай шешім қабылдаған?! Мен тек партия төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде ғана емес, спорт жанашыры ретінде жаңа кешеннің Бекзат Саттархановтың атында өзгеріссіз қалуын талап етемін! Туризм және спорт министрі Ермек Боранбайұлы, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мырзалардан осы мәселеге назар аударуын сұраймын, - деген еді ол.