Мәжіліс отырысында депутат Қазыбек Иса Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова қазақ тілінде жауап бермегені үшін сын айтты, деп хабарлайды Alash.kz
Депутаттың сөзінше, отырыс барысында бірнеше депутат мемлекеттік тілде сұрақ қойғанымен, вице-министр қазақ тілінде жауап бермеген. Осыған байланысты Қазыбек Иса:
«Мемлекеттік тіл қазақ тілі екенін білесіз. Осында қаншама депутат мемлекеттік тілде сұрақ қойды. Бірақ сіз қазақ тілінде жауап бермедіңіз. Әділет министрлігінің өкілі қазақша сөйлемеуі әділетсіз», — деді.
Сондай-ақ депутат министрлікке келесі жолы мемлекеттік тілде еркін сөйлей алатын өкіл жіберуді сұрады.
Қазыбек Жарылқасынұлы Иса 1962 жылғы 23 сәуірде Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Ол — қазақстандық ақын, мемлекеттік қайраткер, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі және VII-VIII сайланымдағы Мәжіліс депутаты.
Ал Ботагөз Жақселекова 1980 жылғы 9 сәуірде дүниеге келген. Ол 2023 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі болып тағайындалған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазыбек Иса:
«Парламентте қазақ тілі үшін менен артық күрескен ешкім жоқ», — деп мәлімдеген болатын.