Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Дала ерлері үшін жеңілгенін мойындау да ерлік!" - Көкпар федерациясының құрметті президенті

10:00, 13 қыркүйек 2024 4492
Кеше Астанада өткен көшпенділер ойынында дау туғызған көкпар ойынынан кейін әлеуметтік желі негативке толып кетті. Ал Көкпар федерациясының құрметті президенті, мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров желідегі парақшасында өз пікірін былай білдірді, деп жазады Alash.KZ. 
 
"Көкпар федерациясының құрметті президенті ретінде, бірнеше жылдан бері көкпардың дамуына үлес қосып жүрген азамат ретінде, кеше өткен финалдың куәгері ретінде қазақ-қырғыз арасындағы ақтық ойынға қатысты пікір білдірген дұрыс деп шештім.
Көкпар - нағыз батыр жігіттердің арасындағы бәсеке. Кейде аттың үстіндегі адамның эмоциясы доп қуған не боз кілемде алысып-жұлысқан спортшыдан басым түсіп жатады. Әр спорт түрінде ереже әр түрлі бұзылады. Көкпарда қамшысын сілтеп жіберсе, аса бір арызданатын жағдай емес. Жаппай көкпарда одан да қорқынышты кадрларды көріп жүрміз. Рас, бүгін ойында тәртіп бұзылды, төрешілер кеңесе келе тәртіп бұзған ойыншыға ескерту берді. 2 минутқа шетке шығарды. Бас жарылса - бөрік ішінде, қол сынса - жең ішінде дегендей, алаңдағы ала шаң сол жерде қалуы керек. Бұл әуелден көкпардың жазылмаған ережесі" деп жазды.
 
Мәжілісмен ойынның әділ не әділетсіз өтуі төрешілерге байланысты екенін ескертіпті.
 
Екіншіден, төрешінің айтқаны заң! Мейлі қандай спорт түрін алсақ та, спортшы онымен салғыласпайды. Шамдануы мүмкін, келіспей сұрау салуы мүмкін, бірақ тулап, әдептен аттамайды. Әдемі ойын көрсетейік деген жерде, төрешіні тыңдау парыз. Әлемдік деңгейдегі кез-келген спортта төрешіге бағынбау, құрметсіздік көрсету деген атымен жоқ.
Үшіншіден, саған құрмет көрсеткен жерде оған жауап ретінде ілтипат білдірсе қандай жарасымды. Іштегі отың күйдіріп сөнбей жатса, мойныңдағы медальді алып тастай бер. Түріңді тыржитып, теріс қарап тұрсаң да қабылданады. Бірақ қонақ қылып шақырып жағдайыңды жасаған, ағайын деп ардақтаған, жүлдесін қолыңа ұстатып арқаңнан қаққан мемлекеттің әнұраны ойнағанда бір сәтке сабыр етіп, елдік мүддені жоғары қою - әр спортшыға қажет қасиеттің бірі.
 
Көкпар федерациясының құрметті президентінің айтуынша, ойын әділ өтті, бірақ ойыннан от шығарудың қажеті жоқ дейді.
 
Сөз жоқ, қырғыз көкпаршылары тәуір дайындалған. Аттарын шебер баптаған. Бірақ қазақтың көкпаршылары анық басым түсті. Қырғыздар ойын алаңында 10 салым саламыз десе, біреу оған кедергі жасады ма?! Керек десе екі жақ тең түсіп, қосымша уақыт та берілді. Қосымша уақыт берілмей, “Қазақстан басым түсті” десе, ортаға қамшыны ең бірінші мына мен тастар едім. Құдайшылығын айтайық, Қазақстанның Ұлттық құрамасы таза жеңді! Алысты, жұлысты, бірақ ұтты! Жалпы дала ерлері үшін жеңілгенін мойындау да ерлік! Басқа артық сөз жоқ! 
Екі мемлекеттің татулығы мен достығы - кез-келген ойынның нәтижесінен қадірлі. Бүгін қазақ жеңсе, ертең қырғыз ұтады. Ымыра мен ынтымақты ойласақ, әлі талай көкпар тартамыз. Қайта қазақ пен қырғыз секілді мықты қарсылас шықпаса, көкпарда сән болар ма еді? Осыншама жанкүйер жиналып, қиқулап тік тұрып тамашалар ма еді?! Ашығын айтқанда бізден басқа кімге керек бұл ойын?! Серкені ілеміз деп жүріп сыйымызды кетіріп алмайық. Қандай ғасыр, қандай заман келсе де, қазақ пен қырғызға тек бауырмалдық жарасса керек! дейді депутат.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар