Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Билікке Трамптың келуі - Ресей мен Украина қақтығысында Американың ұстанымын толық өзгертеді - саясаттанушы

16:00, 12 тамыз 2024 801

Әлемдік саясат сексеуілдің шоғындай қызып тұр. Әсіресе, АҚШ сайлауының жөні бөлек. Американың президент сайлауына 100 күндей уақыт бар. Дегенмен, саяси науқан қазірдің өзінде өте қызу, қарқынды жүруде. Ақпарат құралдарында негізгі бәсеке Трамп пен Камала арасында болады деген болжам айтылады.

Alash.KZ ұлттық порталын алаңдатқан сауалдарға Халықаралық қатынастар бойынша саяси сарапшы Нұрболат Нышанбаев жауап берді.   

-Кімнің саяси салмағы басым? Трамп жеңсе, Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға қандай ықпалы болуы мүмкін? Керісінше, Харрис жеңсе ше?

-АҚШ-тағы Президент сайлауының ерекшелігі, тек Американың ішкі саяси процесі ғана емес, сайлау компаниясынан бөлек, тұтас әлемдік саяси статус квоға ықпал етуінде. Сондықтан, әрбір төрт жыл сайын америкалық президент сайлауына әлем жұртшылығының назары ауады. Бұл жолғы президент сайлауы тіптен күтпеген жайттарға толы болуда. Демократиялық партия атынан үміткер, қазіргі президент Джо Байденнің президент сайлауынан бас тартуы америка жұртшылығынан бөлек, тұтас әлем жұртшылығына күтілмеген жаңалық болды. Әрине Америка тарихында Джо Байден сайлаудан ерікті түрде бас тартқан алғашқы президент емес. Вьетнам соғысы мен ішкі толқулар қарсаңында Линдон Б. Джонсон да өз кандидаттығынан бас тартқан еді.

Жыл соңында өтетін АҚШ тағы президент сайлауының нәтижесі тікелей Таяу Шығыс, Шығыс Еуропадада орын алып жатқан саяси тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан үшін АҚШ та кімнің президент сайлауында жеңіске жететіні аса маңызды өзгерістер алып келмейді.

Себебі, Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыс прагматикалық, құрылымдық негізде қалыптасқан. Соңғы отыз жылдық тәжірибені ескерсек, АҚШ үшін Қазақстан екі партия тұжырымдамасы үшінде геостратнгиялық тұрғыдан маңызды әріптес мемлекет.

Десе де, АҚШ-та билікке республикалық партия өкілі Д.Трамптың келуі аймақтағы Ресеймен қарым-қатынасын ретке келтіріп, Қытаймен экономикалық бәсекелестікті арттыратын болады. Д.Трамптың «Бірінші, Америка» саясаты өз кезегінде АҚШ-тың жаһандық қауіпсіздікке жауапты, көшбасшы мемлекет емес, жеке мүддесін бірінші орынға қоятын протекционистік мемлекет ретінде саясат жүргізеді. 

Егер билікке, К.Харрис келетін болса, әрине Америка саясаты гендерлік теңдік, демократиялық либералды құндылықтарды басты құрал ретінде насихаттау үрдісін үдете, «жаһан америкалық еркіндік құндылығына зәру» саясатын жалғастыратын болады.

Алайда, ескеретін маңызды тұс, америкалық саяси жүйе президент билігі «тегерімді тежемелік принціпіне» сәйкес қалыптасқан. Президенттің тұтас саяси эстаблишментті өзгертуге әлеуеті жоқ. Конгресс, белгілі бір лобби топтар арасындағы баланс негізінде сыртқы саяси бағыт анықталады.

-АҚШ сайлауының нәтижесі Украина-Ресей соғысына қаншалық әсер етеді? Сайлаудан кейін соғыс тоқтауы мүмкін бе? Таратып айтсаңыз...

-АҚШ тағы президент сайлауы кейде Америкаға қарағанда Ресейде көбірек талқыға түсіп жатажы. Ресей үшін қай кандидаттың билікке келуі аса маңызды. 2016  жылы Д.Трамптың билікке келуінде, демократиялық партия өкілдері АҚШ-тың сайлау процесіне сырттан ықпал етті деп Ресейді біршама айыптаған. Биылғы сайлауды да Ресей тарапы асқан қызығушылықпен бақылап отыр.

Реутерс ақпарат агенттігі хабарлағандай, АҚШ арнайы қызметі мәліметінше Ресей үшін билікке Д.Трамптың қайта келгені тиімді. Себебі, Д.Трамп билікке келісімен жиырма төрт сағатта Ресей мен Украина арасында келісімге келуге ықпал етемін деп уәде беріп отыр. Джо Байден кабинетінің Украинаға әскери көмек ретінде 2022 жылдан бері $60 млн-нан аса әскери көмек көрсетуін сынап, тиімсіз шығын екендігін ақтап келуде. Сондықтан, билікке Д.Трамптың келуі Ресей мен Украина қақтығысында Американың ұстанымын толық өзгертеді.

Алайда, Д.Трамптың жеңісі Украинаны Hесейге жығып береді деген сөз емес. Бұл тұрғыда, АҚШ-тың Еуропамен байланысы өте маңызды. Сондықтан, билікке Д.Трамптың келуі АҚШ үшін Еуропада, НАТО құрамындағы одақтастары, бір жағында, екінші жағында Ресей мен Украина арасында келісімге келу бойынша баланстың орта жолын таңдауы қажет болады.

Дж.Трамп сайлау алды компаниясының мәліметінше, Джо Байден Украина мәселесінде Ресейге қарата тым жұмсақ саясат ұстанды деп айыптап келді. Қазірге бір ғана ақиқат бар. Ол - Украина елінің ұлттық мүддесі. 900 күннен аса жалғасып, мыңдаған Украин сарбазы құрбан болған соғысы қалай болғанда территориялық біртұтастығын қалыпқа келтіріп қана аяқталуы тиіс. Басқа мүмкін сценарийдің барлығы да қақтығысты толық тоқтатуға ықпал етпеуі тиіс.

-Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы тым ресейшіл немесе тым қытайшыл болып бара жатқан жоқ па? Тәуелсіз сарапшылар осындай баға береді. Әсіре теріскейге немесе әсіре қытайға тарту - Батыс пен АҚШ-тың Қазақстан позициясына көлеңке түсірмей ме?

-Қазақстандық сыртқы саясаттың өзіндік моделі қалыптасты. Еліміздің сыртқы саясаты ұлттық мүдде негізінде анықталады. Бұл тұрғыда, «ҚР Сыртқы саясатының 2020-2030 тұжырымдамасы» құжатында Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыты ресми түрде көрсетілген. Аталмыш құжатта, Қазақстанның негізгі одақтастары ретінде бірінші Ресей, Қытай, Орталық Азия, ЕО, АҚШ көрсетіледі.

Осы реттілік меніңше Қазақстанның алдағы он жылдықта мүдделес елдерін көрсететін ресми барометр. Алайда, Қазақстанның өркениеттер тоғысында, алып державалардың мүдделер тоғысынды орналасуы біршама артықшылық береді. Қазақстан аймақтағы мүдделіс топтар арасында баланс сақтау арқылы көпвекторлы сыртқы саясат моделін қалыптастырды. Басты ерекшелігін, мүдделес тараптар арасында «өзара қарсы қою» формуласы арқылы ұлттық мүдделі қорғау деп білемін. Мұндай сыртқы саясат - халықаралық тәжірибеде Сингапур, Аустралия,  Лихтенштейн сында екі немесе одан да көп мүдделі тараптар арасында «күштер балансын» сақтау арқылы жүзеге асады.

Соңғы бес жылды - Қазақстанның сыртқы саясатында айқын көпвекторлылықты көреміз. Қазақстан сыртқы саясатында шығыстық бағыт жақсы қалыптасып отыр. Ресейдің Украин соғысындағы сәтсіздіктері, Орталық Азияда шығыстық қатысушыларлың ықпалын арттыруда.

Сол себепті, қазір «Орталық Азия плюс АҚШ», «Орталық Азия плюс Жапония», «Орталық Азия плюс ҚХР» модельдері сәтті жұмыс жасауда. Сондықтан, Қазақстанның сыртқы саясаты халықаралық саясаттағы өзгерістерге жауап ретінде ұлттық мүдде негізінде анықталады. Еліміздің сыртқа саясатын қалыптастыруда басты қауіп, қандай да бір тарапты негізгі одақтас санап, келесі бір тараппен байланысты жоғалту. Сондықтан, Қазақстанның сыртқы саясаты ұлттық мүдде негізінде АҚШ, ҚХР, РФ, тараптарымен өзара баланс форматында сақталуы тиіс. Бұл геосаяси жағдаяттың қалыптастырған шарты.

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар