Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бұл саммит ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтады» - сарапшы

18:49, 02 шілде 2024 912

Астанада 2-5 шілде аралығында жоспарланған Шаңхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы кезекті саммит өтіп жатыр. Бұл жолғы саммитке Қазақстан төрағалық етуде. Халықаралық жиында қандай мәселелер қаралады, қандай келісімдерге қол қойылып, қандай бірлескен бағдарламалар жасалады? Сонымен бірге, Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының көкжиегі қайда апарады?

Alash.kz ұлттық-ақпараттық порталының тілшісі осы сұрақтарды Парламентаризм Институтының аграрлық мәселелер, экология және табиғат қорғау заңнамасы орталығы бастығының міндетін атқарушы Нұржан Сәуленге қойды.

-Нұржан ханым, Астанада өтіп жатқан Шаңхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің саммитінде бұл жолы қандай тақырыптар, қандай мәселелер сөз болады, қандай келісімдер жасалады?

-Шаңхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында жиырмаға жуық келісімшарт жасалып, бағдарламалар қабылданады. Қазақстан биыл ШЫҰ-ға Төрағалық етіп отыр. Төрағалықтың аясында биылғы жыл «Экологиялық жыл» деп аталды. Жыл басынан бері жасалып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы соның айқын көрінісі...

Сонымен бірге, 22 мамырда Астана қаласында ШЫҰ-ға мүше елдердің қоршаған ортаны қорғау министрліктері мен ведомства басшылары арасында 2025-27 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау бойынша ынтымақтастық тұжырымдамасын іске асыру жоспарын және экологиялық мәселелерді шешудің бірлескен тәсілдері қабылданды. Бұл бастамалар қоршаған ортаның жай-күйін жақсартып қана қоймай, халықаралық ынтымақтастық пен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтады.

Сонымен қатар, сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерге, ШЫҰ-ға мүше елдер аумағында терорризмге қарсы жүйелі күрес шеңберінде Қазақстан Президентінің басшылығымен терорризмге қарсы күрес жөніндегі 2025-27 жылға арналған бағдарламалар ұсынылып отыр.

Қауіпсіздік саласында Президенттің «Үш зұлым күшпен күрес» деген ұранымен, трансұлттық ұйымдасқан топпен, есірткі бизнесімен және кибер қылмыспен күреске назар аударып отыр.

Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ШЫҰ-ға мүше елдер арасында 2024-29 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясын, терорризмге, экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-27 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау ұсынылуда.

Ал 2030 жылға дейінгі сауда-экономика саласындағы энергетика бағытын дамыту бойынша стратегиясын қабылдау жоспарлануда. ШЫҰ-ын дамыту бойынша ұйымның болашақ стратегиясын бекіту көзделіп отыр.

       

-Саммитте Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы бойынша экономикалық және туристік келісім-шарттар пысықталатыны анық... Екі елдің экономикалық қарым-қатынасы соңғы жылдары қалай дамуда? Тауар айналымы қалай өсуде? Импорт, экспорт жағында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып кетсеңіз...

-Ең біріншіден, 1-шілдеден бастап Қытай үкіметі мен Қазақстан үкіметі арасында халықаралық автомобиль тасымалдау туралы келісімдерді ратификациялау туралы Қазақстан Респуьликасының Заңына қол қойылды.

Екінші, Қытай үкіметі мен Қазақстан үкіметі арасындағы Каспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде еуропалық қатынасындағы контейнерлік пойыздарды дамыту жөніндегі келісімдерді ратификациялау жөніндегі заңына қол қойылды.

Бұл заңдар көліктердің әртүрлерін пайдалана отырып халықаралық жүк тасылындағы рәсімдерді жеңілдетуді, мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуды көздейді.

Осы аталған заңдар нормасы екі ел арасындағы транзиттік көлік әлеуетін, сауда-экономикалық қатынастарды одан ары нығайтуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған...

 Қытай төрағасы екі мемлекет қарым-қатынасын тереңдету үшін 4 түрлі негізгі қағидаларды атап өтті осы жолы. Біріншісі, өзара саяси сенімді тереңдету, екіншісі практикалық ынтымақтастықты дамыту, үшінші мәдени-гуманитарлық байланысты арттыру, төртіншісі – халықаралық ынтымақтастықты тереңдету.

Қытай басшысы бүгінгі кездесуде осы төрт түрлі қарым-қатынасты жақсарту туралы ойын осылай тұжырымдады.

-Визасыз режим басталған жарты жылдың ішінде Қазақстан – Қытай арасындағы туристік қарым-қатынасқа қан жүгірді. Болашақта екі елдің мәдени-туристік қарым-қатынасын қалай елестетесіз?   

-Иә, биылдан бастап Қытай мен Қазақстан арасында визасыз режим басталды. Мұның екі мемлекеттің мәдени қарым-қатынасының дамуына, халықтардың барыс-келіс қарым-қатынасына көптеген артықшылықтары бар. Әр елдің мәдени құндылығын нәсихатту, таныстыру барысында, туризмді дамыту жағында осы визасыз режим өте тиімді болып отыр. Соның айқын көрінісі – биыл Бейжіңде Қазақстанның мәдени күндері аталып өтуде.    

Визасыз режим басталғалы бері мыңдаған қытай туристері Қазақстанға келіп, ел экономикасына миллиардтаған қаржы құйылуда. Ал Қазақстан кәсіпкерлері үшін де қолайлы жағдай жасалуда. Қытайға 1 айға визасыз тәртіппен барып сауда жасап, екі мемлекет арасында қолайлы қарым-қатынас орнады.   

-Қазақ қоғамында Қытаймен қарым-қатынасқа байланысты айтылатын келте ойлар, қисынсыз «қорқыныштар» бар. Жалпы, Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы қандай болу керек? Екі елдің ара-қатынасынан қандай болашақ күтесіз?

-Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасында ешқандай «қорқыныш» жоқ, оған себеп те жоқ, болмау керек деп есептеймін. Өйтекені Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық өте жоғары. Екі мемлекет арасында екі жақтың іс-қимылын қамтитын үлкен құқықтық база құрылған. Қазіргі уақытта екі ел арасында сауда, көлік, логистика, энергетика, инвестициялар, ауыл шаруашылығы саласы сияқты өзара тиімді барыс-келіс қарқынды дамуда.

Сонымен бірге, екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық шеңберінде түрлі кітаптар шығару, көркемфильмдер бірлесіп түсіру, білім беру саласындағы ортақ бағдарламалар жасау сияқты жұмыстар жүргізіліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, көрші мемлекетпен қарым-қатынастың жақсы болуы, жиі болуы барлық салада өзінің нәтижесін береді деп ойлаймын.

Осы орайда айта кететін тағы бір жайт: Қазақстанға инвестиция салу көлемі бойынша Қытай төртінші орында тұр. Жуырда ғана Қытай мен Қазақстан арасында ынтымақтастық шарттары қабылданды. Алматы облысы мен Қытай компаниясы арасында 10 қосалқы станция мен электр жеткізу желілерін салу және жаңарту бойынша, электр жабдықтарын өндіру бойынша келісімдер жасалды.

Сол келісімшарттардың ішінде күнбағыс майын жеткізу, түйе сүтінің құрғақ ұнтағын өндіру туралы келісімшарттар бар.

Жалпы, биылғы қаңтар мен мамыр аралығындағы Қытай елімен Қазақстан арасындағы сауда көлемі 17,62 млрд долларды құрап отыр. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда, 18 пайызға өскен. Болашақта бұл көрсеткішті 100 млрд долларға жеткізу көзделуде.

Автомобиль өндірісі, трансшекаралық электронды коммерция, жаңа энергетиканы дамыту сияқты жаңа салаларда келешегі зор ынтымақтастықты жүзеге асыру басталды.       

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар