Тәуліктің қараңғы мезгілінде жанып тұратын жолақтар жол қозғалысына қатысушылардың барлығына пайдалы. Әсіресе, жаяу адамдар жиі жүретін елді мекендердің, оқу орындарының, емханалар мен ауруханалардың маңайына осындай жолақтар салынбақ.
Жанатын жолақ бұрыннан бар жолақты алмастырмайды, арнайы жарық бергіш шамдардың көмегімен керісінше оны толықтырады. Оның жарығы 100-150 метр жерден көрінеді. Тіпті, ауа райының қолайсыз уақытында да ақ-сары түсті жолақ жанып, жолаушыларға да, көлік жүргізушілеріне де алыстан байқалады.
«Қазавтожол ҰК» АҚ баспасөз қызметі ұсынған дерек бойынша күні бүгін 9 аймақтағы республикалық маңызы бар тас жолдарда 30-ға жуық инновациялық жаяу жүргінші жолақтары жұмыс істеп тұр. Дәл осындай 8 жолақты БҚО аумағындағы тас жолдарға қою жоспарлануда. Оның 4-еуі Самара-Шымкент республикалық маңыздағы жолында, 2-еуі Атырау-Орал жолында, екеуі Орал-Тасқала жолында орнатылады деп күтілуде.
Батыс Қазақсан облысындағы жол құрылысына тоқталар болсақ, қазіргі таңда жалпы ұзындығы 245 шақырым құрайтын Казталовка-Жәнібек-РФ шекарасы және Өнеге-Бисен-Сайқын трассаларын күрделі жөндеу жұмысы жалғасып жатыр. Құрылысқа 800 адам мен 500 арнаулы техника жұмылдырылған. 4 асфальтбетон зауыты мен 3 топырақ араластырғыш қондырғы күні-түні жұмыс істеуде. Жол бойындағы көпірлер мен мал өтетін орындардың 90 пайызы салынды, жалпы қашықтығы 150 шақырым жолға асфальт төселді.
-2019-2021 жылдары 55 шақырым жаңа асфальт төселген болса, былтыр 80 шақырым жол салдық. Жыл басынан бері құрылысты бітіруге қажетті 715 мың тонна қиыршық тастың 313 мың тоннасын мердігерлер жол бойына тасып алды. Соның арқасында бір ай ішінде 25 шақырым асфальт төсеп, құрылыс қарқынын едәуір арттырдық. Жобаның жалпы құны 80 млрд. теңге. 2023 жылға 30 млрд. теңге бөлінді. Халық ұзақ күткен жолдардың құрылысы біздің жоспарымыз бойынша биыл аяқталуы тиіс, - деді «Қазавтожол ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейрхат Қасымбаев.