Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Бізді басып қала ма деп қорқамыз". Құлсарыда су тасқынынан кейін берілген үйлердің қабырғасы жарылып жатыр

18:21, 15 наурыз 2025 410

Құлсарыдағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар жаңадан берілген үйлердің сапасына шағымданып, қабырғаларының жарылып жатқанын жеткізді, деп хабарлайды  Alash.kz ұлттық порталы.

KYN.KZ ақпарат агенттігінің хабарлауынша, су тасқынын бастан кешкен Құлсары қаласы, «Болашақ» шағын ауданының тұрғындары шағым айтқан. Олар берілген жаңа үйлерінің қабырғалары жарыла бастағанын айтады.

Су тасқынынан зардап шеккен Замира Алакаеваға әкімдік «Болашақ» шағын ауданынан жаңа пәтер берген. 2023 жылдың 23 қыркүйегінде ол жаңа үйдің кілтін алған. Қараша айында отбасы жаңа үйге қоныс аударған. Алайда бірнеше ай өткен соң қабырғаларда жарықтар пайда болып, жаңа үй апатты жағдайға түскен.


«8 наурыз күні таңертең қабырғаларда жарықтар байқап қалдым. Сол күні түсте мердігер компанияға қоңырау шалдым. Олар мамандарды жібереді деді, бірақ ешкім келмеді. Тек 9 наурыз күні сағат 18:00-де мен өзім әкімдікке шағыммен бардым, содан кейін ғана мамандар келді», — дейді Замира.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақова құрылыс басқармасы жағдайдан хабардар екенін және тексеру жүргізіліп жатқанын айтты. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсаинов мәселені зерттеу үшін мамандар жіберілгенін мәлімдеді.

Құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырысты облыстық құрылыс басқармасы берген. Аталмыш үйлерді салу үшін сегіз мердігер ұйым тартылған.

Үйлердің кепілдік мерзімі — бір жыл. Жарықтар пайда болған бір үйді «Армандастар-Атырау» компаниясы, тағы бір үйді «Казкомсервис», төрт үйді «ABC-Limited» компаниясы салған.

«Қазір біз осы компанияларға ресми хат жіберіп, өз есебінен қалпына келтіру және техникалық зерттеу жұмыстарын жүргізуді талап етеміз. Егер жөндеу қажет болса, ол кепілдік мерзімі ішінде жасалады», — деді Нұрберген Құсаинов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар