Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Біз – тәуелсіз мемлекетпіз, ешкімнің боданы емеспіз": Өзбекстанда университет ректоры Ресей сыртқы істер министрінің сынына жауап берді

12:16, 25 сәуір 2025 1247

Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы ескерткіште орыс тіліндегі жазудың болмауына байланысты Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың айтқан сынына жергілікті шенеуніктер бірден жауап берді, деп жазады Alash.KZ.

Алғашқылардың бірі болып «Миллий тикланиш» партиясының төрағасы Алишер Қадыров мәлімдеме жасады. Ол Ресей саясаткерлерінің Өзбекстандағы орыс тіліне қатысты ұстанымын қатты сынға алды.

– Ресейлік саясаткерлер өз елдерінің тілін Өзбекстанда күштеп таңуға тырысып келеді. Бірақ халық өз еркімен тіл үйренуді жөн көреді. Қазір өзбек жастары ағылшын, неміс, түрік, араб тілдерін ешкімнің нұсқауынсыз-ақ меңгеріп жүр. Бұл – олардың еркін таңдауы. Ал Лавров мырза мәжбүрлеу кері әсер беретінін жақсы біледі, – деді Қадыров.

Бұл мәселеге Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің ректоры Шерзодхон Қудратходжа да үн қосты. Оның айтуынша, мемориалдардағы жазулардың қай тілде болатынын әр ел өзі шешуге құқылы.

– Өзге елдің министрі келіп, біздің ішкі саясатымызға баға беруі – орынсыз. Біз – тәуелсіз мемлекетпіз, ешкімнің боданы емеспіз, – деді Қудратходжа.

Еске салсақ, Сергей Лавров Самарқандтағы «Қайғы жамылған ана» мемориалына барған кезде, ондағы жазулар тек өзбек және ағылшын тілдерінде екенін айтып, бұл жайтқа назар аударған. Ол бұл мәселені Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовқа жеткізген болатын.

– Қарасам, ағылшын тілінде жазу бар, ал орыс тілін көрмедім. Ана – ең қасиетті ұғым, – деген еді Лавров.

Айта кетейік, ескерткіште ағылшынша “You are always in our heart, my dear” деген сөз жазылған, оның мағынасы – «Сен әрдайым жүрегіміздесің, қымбаттым».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар