Шымкент қаласындағы жекеменшік мектептердің бірінде жеті жастағы оқушының анасы педагог тарапынан көрсетілген қорлық туралы арызданды, деп хабарлайды Alash.kz.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, ер адам сабақ үстінде оқушыны алдына отырғызып, теріс әрекеттерге барған. Аталған дерек бойынша қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Оқиғадан хабардар болған бойда білім ұясына барған анасы мектептегі бейнебақылау камераларын тексергенін жеткізді. Оның сөзінше, бейнетаспадағы көріністер ұстаздың кінәсін растайды. Ата-ана педагогтың дереу қамауға алынып, заң бойынша ең ауыр жазаға кесілуін талап етіп отыр.
Күдікке ілінген 36 жастағы азамат аталған бастауыш мектебінде соңғы төрт жыл бойы қызмет еткен. Өзінің де екі баласы бар мұғалім тергеу кезеңінде жұмысынан уақытша шеттетілді. Ал зардап шекті делінген қыз бала бұл мектепке жуырда ғана басқа оқу орнынан ауысып келгені белгілі болды.
Мектеп әкімшілігі мен ұжымы болса, тағылған айыптарды негізсіз жала деп есептейді. Олардың пікірінше, цифрлық сауаттылық пәнінің мұғалімі тек мейірімділік танытып, ренжіп қалған баланы жұбатуға тырысқан. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары бейнетаспадағы жағдайды былай деп түсіндірді:
Компьютердің бір нәрсесі тимей қалуы мүмкін. Жасалып жатқан жұмысы істелінбей қалғандықтан ол қыз ренжіп, кішкене өкіпелеп, ренжіп қалды. Оны ағай барып жұбатты. Жұбатып, құшақтап, арқасынан барып қағып... Біздің видеода көргеніміз ол қыз ашуы басылмағандықтан алдына барып отырғызып, өзінің компьютерінен көрсетті. Ол жерде арам ой болған жоқ. Ұзақ та отырған жоқ. Санына отырды. Ол жерде жеткен ақпарат қандай болғанын білмеймін. Ер азамат болған соң оның қалтасында кілт те болады. Телефон да болады.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын анықтап жатыр. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл оқиға бойынша түпкілікті шешім тергеу мен сот сараптамаларының қорытындысынан кейін қабылданады.