Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Өз енесін өлтірген»: Атырау облысында ауыр айып тағылған әйелге қатысты ел естімеген ақпарат шықты

20:51, 27 ақпан 2026

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты енесін өлтірді деп айыпталған 39 жастағы әйелге қатысты шешім шығарды, деп хабарлайды Alash.kz. 

Сот тергеуі барысында айыпталушының қылмыс жасаған сәтте есі ауысқан жағдайда болғаны дәлелденді. Осыған байланысты сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, арнайы медициналық мекемеде мәжбүрлі түрде емдеу туралы қаулы қабылдады.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың мамыр айында Қызылқоға ауданы Жасқайрат ауылында орын алған. Іс материалдарына сәйкес, ұлы денсаулығына байланысты күтімді қажет ететін қарт анасын үйіне алып келгеннен кейін отбасында кикілжің басталған. Төсекке таңылған қарт әйел келінінің шабуылына ұшырап, алған ауыр жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды.

Тергеу аясында жүргізілген сот-психиатриялық сараптамасы әйелдің созылмалы психикалық дертке шалдыққанын анықтады. Мамандардың қорытындысы бойынша, ол өз іс-әрекетіне есеп бере алмайтын және ісінің қауіптілігін сезіне алмайтын күйде болған. Сот осы сараптама нәтижелерін негізге ала отырып, әйелді қоғамнан оқшаулап, қатаң бақылаудағы мамандандырылған психиатриялық ауруханаға орналастыруды ұйғарды.

Қазіргі уақытта сот үкімі күшіне енді. Мәжбүрлі емдеу шаралары науқастың денсаулығында оң өзгерістер болғанға дейін жалғасатын болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар