Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден еліміздегі психологиялық көмек көрсету саласын қатаң бақылауға алу туралы ойын айтты, деп жазады Alash.kz.
Халық қалаулысының пікірінше, әлеуметтік желілерде кәсіби біліктілігі күмәнді мамандардың көбеюі азаматтардың психологиялық саулығына қауіп төндіруде. Депутат бұл салада нақты заңнамалық талаптар мен стандарттардың жоқтығын айтып, мамандарды бағытына қарай жіктеу қажеттігін алға тартты.
Қарақат Әбден психолог таңдау мәселесінде азаматтарды сақтық танытуға шақырды. Оның айтуынша, жай ғана интернеттегі пікірлерге алданбай, маманның білімі мен жұмыс бағытын растайтын құжаттарын міндетті түрде тексеру шарт. Депутат балалармен жұмыс істейтін және ересектерге кеңес беретін психологтарға қойылатын талаптардың екі бөлек болуы тиіс екенін атап өтті. Бұл шаралар, ең алдымен, халықтың қауіпсіздігі мен көрсетілетін қызметтің сапасын қамтамасыз ету үшін қажет.
Өз сөзінде депутат психологтардың кәсіби шекараны сақтауы керектігіне тоқталып, былай деді:
«Азаматтар психологқа жай ғана бара салмай, әлеуметтік желідегі пікірлерге сенбей, міндетті түрде оның құжатын, білімін, қандай бағытта жұмыс істейтінін тексеруі керек. Балалармен жұмыс істейтін психолог пен ересектерге кеңес беретін маманның деңгейі де, жауапкершілігі де әртүрлі».
Сонымен қатар, Қарақат Әбден қазіргі қоғамдағы кез келген мәселені психологиялық «травмамен» байланыстыру үрдісіне қатысты өз көзқарасын білдірді. Ол өмірлік қиындықтарды еңсеруде отбасылық құндылықтар мен жақындардың ақыл-кеңесіне сүйенудің маңызын атап өтті.
«Мен психологтарға бармаймын. Проблема бола қалған жағдайда өзімнің тәжірибеме сенемін. Керек болса, анама барып айтамын, енеме барамын, күйеуіме барамын, отбасыммен ақылдасамын. Қазір әдет болып кеткен. Кішкентай бірнәрсе болса, психологқа жүгіріп барады. Балаларымыз да солай үйренген. Психологтар не дейді? Бұл — балалық травма дейді. Бітпейтін балалық травма! Психологтың да ішкі этикасы болу керек. Кәсіби этика болуы керек. Қоюға болатын сұрақ бар, болмайтын сұрақ бар! Олар «Өзіңді ойла! Бұл жағдай қиын болса, кетіп қал! Әке-шешеңді таста! Бұл балалар саған неге керек?! Күйеуіңді таста!» деген әңгіме айтады. Бірақ, шынайы кәсіби психологтар олай айтпауы тиіс!» — деді депутат.