Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына жасаған іссапары барысында бірнеше жаңа жобалар мен инфрақұрылымдық мәмілелер жасалды, деп хабарлайды Alash.kz Ақорданың ресми парақшасына сілтеме жасап.
Президент «қос тараптың стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады» деп мәлімдеді:
«Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының әлеуеті зор. Бірлескен жұмыстың шет-шегі жоқ. Елдеріміз барлық салада нәтижелі ынтымақтастық орнатты.
Қазақстан мен Ресей арасында шешімін таппайтын түйткіл жоқ. Бұл тараптардың жауапкершілігі мен бірлесе жұмыс істеуге құлшынысы жоғары екенін көрсетеді.
Мазмұнды келіссөз жүргізіп, қонақжайлық танытқаны үшін құрметті Владимир Владимирович Путинге тағы да алғыс айтамын.
Тату көршілік қатынастарымыз болашақта да стратегиялық серіктестік пен одақтастық мұратына жетелей береді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейде қарқынды диалогты қолдауға уағдаласқанын жеткізді.
«Өнеркәсіп, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, жоғары технологиялар, цифрландыру, гуманитарлық ықпалдастық, сондай-ақ жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне баса мән бердік.
Күрделі халықаралық ахуалға қарамастан ынтымақтастығымыз халықтарымыздың игілігі жолында белсенді дамып келе жатқанына көңіліміз толатынын атап өттік».
Қос тарап президенттері бірнеше сала бойынша мәмілеге келді:
• «Солтүстік – Оңтүстік», Транскаспий халықаралық көлік бағдары, «Аягөз – Бақты», «Достық – Мойынты» теміржол желілері және басқа да жобалардың мүмкіндігін кезең-кезеңімен кеңейтуге келісті.
• Трансшекаралық логистика инфрақұрылымын жақсарту, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіру маңызды екенін атап өтті.
• «Трансалтай диалогы» перспективті бастамасын одан әрі ілгерілетуге ниетті.
• Аталған формат Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия арасындағы тату көршілік пен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтетін оңтайлы алаң болады.
• «Росатом» компаниясымен еліміздегі алғашқы АЭС құрылысы бойынша нәтижелі жұмыс атқарылып жатыр.
• Тараптар мұнай мен оның өнімдерін, көмір, электр энергиясын өндіру, тасымалдау және жеткізу бағыттарындағы серіктестікті нығайтуға келісті.
• Газ саласындағы ынтымақтастық перспективасын, атап айтқанда, Қазақстанның Ресеймен шекаралас өңірлерін көгілдір отынмен қамту, сондай-ақ үшінші елдерге тасымалдау мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
• Сапар аясында қол қойылған бірқатар құжат елдеріміздің ғарышты игеру, атом энергиясын, арнайы экономикалық аймақтарды және креативті индустрияны дамыту бойынша айтарлықтай ілгерілеуіне мүмкіндік береді.
• Гастрольдер, көрмелер, концерттер мен спорттық жарыстар секілді іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.
• Жуырда Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері табысты өтті.
• Бұған дейін мәдениет күндері аясында еліміздің өнер қайраткерлері Якутия мен Қазанға барып қайтты.
• Биыл мамыр айында Астанада «Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достығы аллеясы», ал кеше Мәскеуде «Қазақстан-Ресей достығы сквері» ашылды.
• Мәскеу көшелерінің біріне Шоқан Уәлихановтың есімі берілді.
• Мәскеуде Қазақ ақпараттық-мәдени орталығын ашу жоспарланып отыр.
• Қазақстанда Ресейдің 9 жетекші жоғары оқу орнының филиалдары табысты жұмыс істеп тұр.
• Биыл Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының Астанадағы филиалы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Омбы қаласындағы филиалы ашылды.
• Елімізде Ресейдің медициналық жоғары оқу орнының өкілдігін ашу мәселесі пысықталып жатыр.
• Екі елдің білім беру стандарттары ескерілген мектептер салу жобасы іске асырылады.
• Алматыда демеушілердің қолдауымен ресейлік танымал «Сириус» мектебінің филиалы ашылады.
• Қазақстанда орыс мәдениеті мен тілін ілгерілетуге тиісті назар аударылады. Бұл маңызды іске еліміздің бастамасымен құрылған Халықаралық орыс тілі ұйымы өз үлесін қосып келеді.