Шымкентте 21 жастағы бойжеткеннің 29 жастағы жігіттің қолынан қаза тапқан қайғылы оқиғасы қазақстандықтарды есеңгіретті. Бойжеткеннің жақындары әзірге ресми пікір білдірмегенімен, желіде жігіттің үйленуге қыздың келісімін ала алмағаны туралы деректер тарап жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға орнында болған көршілер мен куәгерлер болған жайтты былай деп сипаттайды:
«Естігеніміз сол қыз 21 жаста, жігіт 1997 жылғы. Екеуі бұрын кездесіп жүрген. Оқиға 18:40-та болды. Қыз үйінен шыққан, екеуі сөйлескен. Кейін жанжалдасқан. Жігіт қызды ұрып, пышақ тыққан. Беті, қолы, арқасы, ішінен пышақтаған, қатты жарақат алған. Қатты қинаған. Жұмыстан келе жатқан бір келіншек оларды көріп қалып айғайлағанда, жігіт қорқып қашқан. Ол жеткенше қайтадан барып 3-4 рет тағы пышақ тыққан. Қыз сол жерде-ақ жан тапсырды. Ал жігіт бірден қашып кетті».
Қала тұрғыны Динара Тілеубердиева бұған дейін де екеуінің арасында кикілжің болғанын алға тартты:
«Көрген куәгерлер бірден полиция шақырды. Қатты уайымдадық, біздің де бала-шағамыз бар. Кейін қорқып сұрағанымызда осыдан екі-үш күн бұрын да сол қыздың дауысын естіген екен көршілер. Жұмыстан қайтып келе жатқандар екеуінің ұрысып, айғайласып тұрғанын көрген екен. Не себеп екенін білмейміз. Дегенмен екі-үш күн қатарынан екеуі жанжалдасып, ақыры осылай болып отыр».
Қаза болған Нұрай Серікбай 21 жастағы студент, үш баланың кенжесі болған. Оның мәйіті Түркістан облысындағы Төрткөл ауылына жерлеуге жіберілді. Марқұмның туысы Кәрім Кенжетаев:
«Біздің қызымызды айуандықпен өлтірді. Бұл – өте ауыр қайғы. Айтуларынша, күдікті қанішер әлі күнге дейін ұсталған жоқ», – деп мәлімдеді.
Желі қолданушысы Сабина Маулинова бұл оқиғаның астарында қызды алып қашу әрекеті болуы мүмкін екенін жазды:
«Шымкентте қызды жігіт үйленемін деп алып қашқан. Ата-анасы келіспей қызды кері алып кеткен, себебі жігіттің ауруы болған. Жігіт ашуланып қызға барып, кетіп қалғаны үшін пышақтап өлтірген. Жігітке «жоқ» деуге қорқатын заманға жеттік пе? Қыздың ата-анасына обал болды-ау». Алайда бұл дерек әзірге ресми түрде расталған жоқ.