Белгілі ақын, көрнекті көсемсөз шебері Болат Шарахымбай Париж олимпидасының чемпионы Елдос Сметовке "Халық қаһарманы" атағын беруді ұсынды, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Журналист бұл алтынды қазақ жұртшылығының 44 жыл күткенін айтып, Елдос Сметовтің құрметіне арнайы жазба арнады. Жазбада спортшының тегеурінді мінезі, толағай болмысы, азаматтығы суреттеліп, жеңісі ерлікке баланады.Кейіннен автор Сметовке ""Халық қаһарманы" атағын беруді ұсынады.
- Тағы да қайталаудың реті келіп тұр. Төрткүл әлем көз тіккен аламанда атой салып, жеңіс тұғырынан көріну – әр спортшының арманы. Мұндай додада топ жару кімге де болса үлкен мәртебе. Ал, Елдос тек топ жарып, чемпиондық тұғырдан көрініп қойған жоқ, ол ең алдымен әлемге қазақ спортын мойындатты. Қазақ елінің спорт державасы екенін күллі әлемге паш етті. Ол осы ісімен бүкіл Алаш жұртының абыройын асқақтатты. Нағыз жеңімпазға тән мінез көрсетті. Осы мінезімен қазақ спортына тағы бір серпін берді, миллиондарға өнеге болды. Жігеріне жігер қосты, өзіне деген сенімін ұялатты. Алдағы жеңістерге жол салды. Қысқасы, Елдостың жеңісі дәл уақытында жасалған ерен ерлік болды! Сондықтан, Елдостың Париж төрінде жасаған ерлік ісі лайықты бағалануы тиіс деп есептейміз.
Айтайын дегеніміз, бірінші болып Париж көгінде әнұранымызды қалықтатып, көк туымызды желбіреткені; қазақ спортына серпін беріп, жүрегіне сенім ұялатқаны; сөйтіп қазақ елінің спорт державасы екенін күллі әлемге паш етіп, дәлелдегені үшін Олипиада чемпионы,татами шебері Елдос Сметовке Қазақстанның Халық Қаһарманы атағымен аталып өтуі керек!
Спорт қарсыласқа – ізет, жанкүйерге – құрмет екен. Сметовтың жеңісі бізге осыны дәлелдеді.
Жеңісіміз ұзағынан сүйіндірсін! Елдостың ерлігі басқа спортшыларымызға да жұғысты болсын! - деп жазды автор.