Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Базар да, әкімдік те кетті - тұрғындар Құлсарыдағы су тасқынына алаңдаулы

17:24, 05 сәуір 2024 868

Атырау облысы Жылыой ауданында су тасқынының беті қайтпай тұр. Қауіп төніп тұрған аумақтан тұрғындар эвакуациялық пункттерге көшіріліп жатыр.

Alash.kz аудан тұрғындарынан қазіргі жағдай туралы сұрады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің кейінгі ақпаратына сүйенсек, автобус тұрғындарды 10 эвакуациялық пунктке эвакуациялап жатыр. Қазіргі уақытта 130 адам эвакуацияланған, оның ішінде 84 бала бар.

Құлсары қаласының станциясынан Атырау қаласына 5 вагоннан тұратын жолаушылар пойызы халықты тегін тасымалдап жатыр. Өйткені Жылыой ауданында Жадырасын, Болашақ, Қарағай ықшамаудандарын су басып жатыр. 

Ал Құлсары тұрғынының сөзінше, қаланың орталығына, базарға, қала әкімдігіне де су кірген.

"Қазір су басқан ауылдардағы тұрғындарды қауіпсіз жерде тұрған мектептерге эвакуация жасап жатыр. Жалпы Жылыой ауданы бойынша 4 сәуір күні төтенше жағдай жарияланып, 5 сәуір күні сирена іске қосылды. Әкімдік қолынан келгендерін жасады, әрине. Оларды да кінәлауға болмас. Десе де судың қарқыны қатты, ағысы күшті. 

Су бұлай қатты келеді деп ойламаған едік. Жылдағы, көктемдегі қардың еріген суы деп жүр едік, бірақ тасқын су толастап келіп, әкімдік төтенше жағдай жариялағанда ғана жинақталып, есімізді жидық. Қазіргі таңда қалада көп үйді топан су басты. Тұрғындар көз алдында үй суға кеткенде еріксіз жылап жатыр.

Қаланың бәрін су басып жатыр. Орталық, базар, калалық әкімдік, жеке кәсіпкерлік орындар, мейрамханалар, мектептерге де су кірді", - дейді ол.

ТЖД мәліметінше, жағалауды нығайту жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Жұмыстарға ЖАО, полиция, әскери бөлімнің, ТЖД 323 қызметкері, 142 техникасы, еріктілер мен жергілікті тұрғындар арасынан 4540 адам жұмылдырылған.

Алайда су тасқынынан зардап шеккендер қатары сағат сайын артып барады. Бірі туыстарының үйін жағаласа, бірі ауыл мектептерін паналап жатыр. Тұрғындар ұялы байланыс сапасы да нашарлағанын айтады. 

Ал 4 сәуірде сағат 09:50 шамасында А-33 Доссор-Құлсары тасжолының 101-шақырымында Жем өзенінің арнасынан су тасып, жолды су алып өткен еді.

"Қазір еріген қар суын ағызу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. 10 адам мен 4 техника жұмылдырылды", - деп хабарлады кеше ҚазАвтоЖол.

Сонымен қатар, Доссор - Құлсары - Бейнеу - Сайөтес - Шетпе - Жетібай - Ақтау тасжолының 4-119 шақырымында көлік құралының барлық түрі үшін қозғалыс шектелді. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар