Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бастың ашық жарақаты, мидың ісінуі…»: Теміртас Жүсіповтің әйелімен болған дау туралы жаңа дерек шықты

15:56, 08 шілде 2026

Әлеуметтік желіде бокстан әлем және Азия чемпионы Теміртас Жүсіпов өзінің жұбайын ес-түссіз қалғанша аяусыз соққыға жықты деген ақпарат тараған еді. Артынша боксшының жары арызын қайтарып алғаны белгілі болды, деп жазады Alash.kz.

Threads желісінде «zh32457» никімен тіркелген пайдаланушы зардап шеккен әйелдің әпкесі ретінде мәлімдеме жасап, Көкшетауда орын алған сұмдық жағдайдың мән-жайын ашқан. Оның айтуынша, 1988 жылы туған спортшы 29-30 маусым немесе 1 шілде күндері өз жарын қатты соққыға жығып, салдарынан әйел асфиксия, бастың ашық жарақаты, талма және бас миының ісінуі сынды ауыр диагноздармен ауруханаға түскен. Сондай-ақ жазбада чемпионның босап шыққан соң қоқан-лоқы көрсетуін жалғастырғаны, ажырасқан жағдайда өлтіретінін айтып сес көрсеткені және балаларын тартып алу үшін әйелін «психикалық дені сау емес» етіп көрсетуге тырысқаны айтылған.

Аталған жағдайға байланысты Ақмола облыстық полиция департаменті ресми жауап беріп, адам денсаулығына қасақана зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және 30 маусымда Көкшетау тұрғыны отбасылық жанжал кезінде жарының денесіне жарақат салғаны анықталғанын растады.

Журналист Әсел Тұрардың қосымша мәліметінше, осы шулы оқиғадан кейін, атап айтқанда 7 шілде күні спортшының жұбайы Айжан Жүсіпова полицияға қарсы арыз жазып, онда заңды күйеуіне қатысты ешқандай шара қолданбауды өтінген. Бұған қоса, қазіргі уақытта белгілі боксшыға әйелінің жеке келісімінсіз онымен қандай да бір байланысқа шығуға ресми түрде тыйым салынған. Алайда, жұбайының шағымдан бас тартқанына қарамастан, бұл іс бойынша қылмыстық іс жүргізіліп жатқандықтан, тергеу амалдары заң аясында жалғаса бермек.

Орын алған жағдайға қатысты Ақмола облыстық полиция департаментінің өкілдері өздерінің ресми ұстанымын былай деп түсіндірді:

«Қарсы арыздың жазылғанына қарамастан, отбасылық-тұрмыстық жанжал дерегі бойынша заң шеңберінде тиісті шаралар қолданылатын болады».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар