Актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыген өзіне қатысты сот үкімі шыққан күні әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарына арнап әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
TikTok парақшасында жарияланған үндеуінде ол өзіне қолдау білдіріп, дұға тілеп жатқан оқырмандарына алғысын айтып, бұл қиын кезеңнің де өтетініне сенім білдірген.
«Бәрі уақытша, балапандарым. Алла қаласа, күшті болып ораламын! Жақсы көремін сендерді… Бұл да өткінші нәрсе, дұғаларыңызға ризамын. Иншалла, бәрі жақсы болады. Алла осылай қаласа, бір қайыр бар», — деп жазды Нұрсұлтан Жақсыген.
Еске сала кетейік, 16 қыркүйекте Алматы облысының Қарасай аудандық соты Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты үкім шығарған болатын. Сот оны Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы — масс-медиа, телекоммуникация желілері және онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен блогерге 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ол сот залында қамауға алынды.