Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Балқашта Металлург күні ауқымды Metallurg Fest фестивалімен аталып өтті

11:50, 18 шілде 2026

Балқашта Металлург күні ауқымды Metallurg Fest фестивалімен аталып өтті, деп хабарлайды Alash.kz 

17 шілде күні Балқаш көлінің жағалауында Металлург күніне арналған Metallurg Fest мерекелік фестивалі өтті. Ауқымды іс-шараға мыңдаған қала тұрғындары, қонақтар, өндіріс қызметкерлері, сала ардагерлері мен олардың отбасы мүшелері қатысты.

Металлург күні – Балқаш үшін ерекше маңызға ие мереке. Қаланың қалыптасуы мен дамуы металлургия саласымен тығыз байланысты. Сондықтан бұл күн еңбек адамдарына құрмет көрсетіп, олардың ел экономикасы мен өнеркәсібінің дамуына қосқан үлесін дәріптейтін маңызды мерекеге айналған.

Фестиваль аясында қонақтарға концерттік бағдарлама, интерактивті аймақтар, балаларға арналған ойын алаңдары және металлургтердің еңбегі мен «Қазақмыс» тарихына арналған ұжымдық арт-панно ұйымдастырылды.

Музыкалық кешті Timur Teams тобы мен IL’HAN ашты. Көрермендер Балқаш мыс балқыту зауытының қызметкерлері Ерсұлтан Сәкенов пен Әділжан Бисенбаевтың ERS & Adilzhanym дуэті ретінде орындаған әндерін ерекше ықыласпен қабылдады.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі CrossFire тобының «Салтанат» жарық шоуы болды. Ұлттық нақыш пен заманауи сахналық технологияларды үйлестірген қойылым көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Сахнада сондай-ақ Болат Құсайынов, Жанар Дұғалова, аты аңызға айналған «Ялла» ансамблі және кештің басты қонағы «Ирина Кайратовна» тобы өнер көрсетті. Танымал топтың әндерімен Балқаш жағалауы үлкен ашық аспан астындағы би алаңына айналды.

Мереке барысында жүргізушілер Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек табиғатты аялау және тазалықты сақтау мәдениетінің маңызын атап өтті. Фестиваль аяқталғаннан кейін коммуналдық қызметкерлер мен белсенді тұрғындар жағалау аумағын тазалап шықты.

Мереке соңында металлургтердің құрметіне жарқын отшашу ұйымдастырылды. Осылайша Металлург күні Балқаш тұрғындарын тағы да ортақ еңбек құндылықтарының төңірегіне біріктіріп, қаланың басты кәсібіне деген құрметті айшықтады.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар