Балқаш қаласында 280 орынға арналған жаңа балабақшаның құрылысы басталып, салтанатты түрде алғашқы тасы қаланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қарағанды облысының әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайды. Оқиға орнында болған Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл бастаманың маңызына тоқталып:
«Бүгін біз 280 орындық балабақшаның құрылысын бастау үшін алғашқы тасын қалап отырмыз. Өсіп келе жатқан Балқаш қаласы үшін бұл жай ғана жаңа әлеуметтік нысан емес, қаланың және оның тұрғындарының болашағына салынған маңызды инвестиция. Әсіресе бизнестің әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді атсалысып отырғаны маңызды. Қазақмыс компаниясы өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Жаңа балабақша белгіленген мерзімде салынып, көп ұзамай алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдайтынына сенімдімін», — деді.
Үш қабаттан тұратын мектепке дейінгі мекеменің жалпы ауданы 4 800 шаршы метрден асады және ол 3,6 гектар аумақта орналасады. Жоба аясында балаларға арналған заманауи инфрақұрылым құру мен аумақты толық абаттандыру көзделген, ал құрылыс жұмыстарын 2027 жылғы қыркүйекте аяқтау жоспарланып отыр.

Өз кезегінде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі бұл нысан компанияның өңірдегі ауқымды әлеуметтік саясатының бір бөлігі екенін атап өтті:
«Балқаш Қазақмыс үшін жай ғана өндірістік алаң емес. Бұл – қызметкерлеріміз тұратын, отбасы құрылып, балалар өсіп келе жатқан ортақ үйіміз. Сондықтан бүгінгі оқиғаның біз үшін маңызы ерекше. Бұл жоба – компанияда және өңірде жүзеге асырыла бастаған ауқымды өзгерістеріміздің алғашқы әрі нақты көріністерінің бірі».
Айта кетейік, бұл ынтымақтастық аясында Балқаш өңіріндегі Тораңғалық және Шұбартүбек ауылдарында медициналық пункттер, су спорты түрлеріне арналған арнайы база, сондай-ақ Тораңғалық ауылында балалар лагерін салу жоспарға енгізілген.
