Шығыс Қазақстан облысының Алтай қаласында алапат өрт шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Жалынға оранған баспанадан баланың шыңғырып жылаған дауысы естілген.
ІІМ таратқан мәліметке сүйенсек, оқиға орнына алғашқы болып патрульдік полиция қызметкерлері келіп жеткен. Олар өрт сөндірушілердің келуін күтпей, бірден әрекет етуге бел буды.
Ведомство берген ресми хабарламада тәртіп сақшыларының ерлігі егжей-тегжейлі баяндалды.
«Терезеден жылап жатқан баланы көрген полиция майоры Азамат Қанапин өрт сөндірушілерді күтіп тұрмай, дереу көмекке ұмтылған. Оған әріптестері – взвод командирі, полиция капитаны Ринат Құниязов пен патрульдік полиция взводы қызметінің инспекторы полиция аға лейтенанты Абзал Смағұлов бірден көмектесіп, бірігіп терезені сындырды. Осыдан кейін майор Қанапин үйде қалған баланы тез арада сыртқа шығарып, қауіпсіз жерге алып кетті. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ», — деп хабарлады ІІМ өкілдері.
Оқиға куәгерлері мен полицейлердің жедел әрі батыл әрекетінің арқасында бала дер кезінде құтқарылып, ықтимал қайғылы жағдайдың алды алынды.