Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бағалы металл, жанармай, ұйымдасқан топтар: «Қазахмыс» айналасындағы істердің хроникасы

15:17, 11 маусым 2026

«Қазахмыс» корпорациясының өндірістік нысандары төңірегінде заңсыз әрекеттер мен көлеңкелі схемаларды анықтау жұмыстары жалғасуда, деп жазады Alash.KZ.

Соңғы жылдары кәсіпорындарға қатысты ұрлық, ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметі, кәсіпорын қызметкерлері мен күзет құрылымдарының ықтимал қатысы жөніндегі бірнеше қылмыстық іс қоғам назарын аударды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Ұлытау облысында өткен жылдан бері «Қазахмыс» корпорациясына қарасты нысандардан жасалған ұрлықтарға қатысы бар бірнеше қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылған. Ведомство келтірілген шығынның 94,5 пайызы өтелгенін хабарлады.

Ең резонансты істердің бірі бағалы металдардың үлесі жоғары кен қорытпаларын ұрлауға байланысты болды. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл схеманы жергілікті қылмыстық орта өкілдері ұйымдастырған. Қылмыстық топ мүшелері кен құрамындағы бағалы металдарды заңсыз иемденіп, сатумен айналысқан деген күдікке ілінген. Аталған іс бойынша сот үкімі шығып, кінәлілер жауапкершілікке тартылған.

2026 жылдың басынан бері полиция «Қазахмыс» кәсіпорнына ірі көлемде шығын келтірген төрт ұрлық фактісін ашқан. Соның бірі – биыл 7 мамырда өткізілген арнайы операция барысында анықталған жанар-жағармай материалдарын ұрлау схемасы.

ІІМ мен Мемлекеттік күзет қызметінің бірлескен шаралары нәтижесінде кәсіпорын аумағынан отынды заңсыз шығару және өткізу арнасы тоқтатылды. Тергеу мәліметтері бойынша, күдіктілер арнайы техниканы жалған жанармай құю құжаттары арқылы рәсімдеп, отынды иемденіп отырған.

Тінту кезінде бір тоннадан астам жанар-жағармай, ірі көлемдегі ақша қаражаты, көлік құралдары, қару-жарақ пен оқ-дәрілер және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Сонымен қатар кейбір күзет құрылымдары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерге көмектескені анықталған.

Бұған дейін де «Қазахмыс» кәсіпорындарына қатысты бірнеше қылмыстық іс тіркелген болатын. 2024 жылдың шілдесінде ІІМ мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қарағанды облысы прокуратурасының үйлестіруімен өнеркәсіптік кәсіпорындардан металл және түрлі тауарларды ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты ұстаған.

Сол кезде 20-дан астам адам полицияға жеткізіліп, күдіктілер арасында қылмыстық топ өкілдерімен қатар кәсіпорын қызметкерлері, басшылық құрам мүшелері және қауіпсіздік қызметінің өкілдері болғаны хабарланған.

Ал 2024 жылдың қазан айында құқық қорғау органдары бағалы металдары бар қорытпаларды ұрлау фактісін әшкереледі. Тергеу барысында кәсіпорынның кейбір қызметкерлері де күдіктілер қатарынан табылды. Олар құны 6,5 миллион теңгеден асатын өнімді кәсіпорын аумағынан алып шығу кезінде қолға түскен.

2023 жылы Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішінде болған оқиға да қоғам назарын аударған еді. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада екі адамның үшінші адамды соққыға жыққаны көрсетілген. Кейін полиция бұл жағдайдың «Қазахмыс» компаниясына тиесілі кеніш аумағында болғанын растады. Аталған дерек бойынша екі күдікті ұсталып, бұзақылық бабымен қылмыстық іс қозғалған.

Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары тіркелген деректер кездейсоқ ұрлықтардың жиынтығы емес, өндірістік нысандардағы қауіпсіздік жүйесіне қатысты күрделі мәселелердің бар екенін көрсетеді. Әңгіме металл, бағалы кен қорытпалары, жанар-жағармай материалдары сияқты стратегиялық маңызы бар ресурстардың заңсыз айналымы туралы болып отыр.

Тергеу материалдарында кәсіпорын қызметкерлері, күзет құрылымдары және өндірістік процестерге қолжетімділігі бар тұлғалардың аты аталуы ішкі бақылау жүйесінің тиімділігіне қатысты сұрақтарды күшейте түсті.

Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі қаржылық-шаруашылық құжаттарды зерделеп, соңғы эпизодтар бойынша келтірілген шығын көлемін нақтылап жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, шығын көлемі аса ірі мөлшерге жетуі мүмкін.

Осылайша, «Қазахмыс» кәсіпорындары төңірегінде заңсыз схемалар мен қылмыстық әрекеттерді анықтау жұмыстары жалғасуда. Ұлытау өңірі үшін бұл мәселе тек корпоративтік қауіпсіздікке ғана емес, өндірістік тұрақтылыққа, қызметкерлердің сеніміне және елдің стратегиялық активтерін қорғауға тікелей қатысты болып отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар