Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ауыр соққыдан миы шайқалған: Студенттер колледж орынбасарынан аямай таяқ жеген

10:23, 26 қараша 2024 140

Шымкентте колледж студентінің миы шайқалып, балалар ауруханасында жатыр, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

 «Парасат» колледжінің екі студенті қансырап үйіне келген соң, шошыған ата-ана дереу полицияға жетектейді. Арыз жазып шыққан студенттер колледж директорының тәрбие жөніндегі орынбасары жертөлеге кіргізіп, үшінші курс студенттері мен мұғалімдердің көзінше сабағанын айтып берген.

«Бетімізден де, денемізден де аямай ұрды, құлаған кезде аяқпен де тепкіледі. Қазыбек ағайдан таяқ жеп жатқан кезде үлкен курстың студенттері қарап тұрды, ал сол жерде болған дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерінің біразынан шапалақ та жедік. Негізінен соққыны Қазыбек ағайдан алдық, ұрып жатқан кезде ол кісі «егер арызданатын болсаңдар, көміп тастаймын» деп қорқытты», - дейді ІІ курс студенті Әбдіғаппар Ырысалиев.

Әбдіғаппар миы шайқалып ауруханада жатыр. Ал оның туыстары бүгін колледжге мәселенің мән-жайын білмекке аттанды. Ұлдары таяқ жеді деген жертөлені көрді. Соққыға жығылған студенттердің бірі – Константин Зорин директордың орынбасарының «ТикТок парақшасындағы бір әңгімеге күлгеніміз үшін таяқ жедік» деп отыр.

 «Қазыбек ағайдың екі саусағында жаңа түскен тыртығы болуы керек. Себебі мені ұрған кезде қолы тайып кетіп, жиһазға тиіп қанағанын көрдім. Оның бар ашуына оның ТикТоктағы бір видеосына күлгеніміз болды. «Ешқандай жаман ойымыз болған жоқ» дегенімізді тыңдаған да жоқ. Жертөлеге кіргізіп, быт-шытымызды шығарды», - деді II курс студенті Константин Зорин.

Қазыбек Ержанов мұның бәрін жоққа шығарды. Тіпті соққыға жығылған қос студентті «бүкіл колледж бұзақы ретінде таниды» дейді директордың орынбасары. Былтыр полиция шақыруға тура келген екен. «Мүмкін соны кешіре алмай, жала жауып жатыр» деп ақталды.

Ғимаратта орнатылған бейнебақылау камералары тола болғанымен, сол күні барлығы істен шыққан. Соққыға жығылған студенттердің ата-анасы ұлдарын оқу орнынан шығарып алды. Полицияға арыз жазып, прокуратура істі бақылауына алса деген өтініші бар. Ал таяқ жеген жігіттердің «жас болса да, тым қу» деген колледж басшылығы жала жабу дерегімен «біз де арызданамыз» деп бекініп отыр.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар