Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Ауғанстан әйелдерді таспен атуды заңдастырса, қазақ-ауған қарым-қатынасы үзіле ме?"

20:26, 01 сәуір 2024 475

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бүгін брифингте журналистердің сұрағына жауап берді. СІМ өкіліне қойылған сұрақтардың ішінде "Егер Ауғанстан үкіметі әйелдерді таспен ату туралы заңды қабылдаса, Қазақстан Ауғанстанмен қарым-қатынасын үзе ме, жоқ па?" деген сауал болды.

Журналистер Ауғанстанда әйелдерді ер адамның көзіне шөп салғаны үшін таспен атуды заңдастыруды көздеп отырғанын еске салды. Тілшілер Айбек Смадияровтан "Қазақстан "Талибан" қозғалысын тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығарып, асығыстық танытқан жоқ па?" деп сұрады. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілі журналистерден бұл норма қабылданды ма, әлде қабылдау көзделіп отыр ма деп нақтылауды өтінді. Журналистер оған бұл норманы әзірге енгізу көзделіп отырғанын айтты.

"Бірінші енгізілсін, содан кейін көрерміз. Әр елдің өз ережелері бар. Сіздер өлім жазасы бар елдердің тізімі барын білетін шығарсыздар, тіпті дарға асу жазасы қарастырылғандары бар және онда тұрған ештеңе жоқ, күллі әлем онымен (мемлекетпен – ред.) жұмыс істейді", – деді Айбек Смадияров журналистер сұрағына.

Смадияровтың айтуынша, Ауғанстан өңірдегі өте маңызды ел. "Сізге барлық жағдай мәлім, егер Қазақстан Ауғанстанға бет бұрса, әрине, біздің аймақта проблемалар туындауы мүмкін. Бұл қозғалыс билікке келген күннен бастап біз олармен жұмыс істеп, сауда-экономикалық қарым-қатынас орнаттық. Олардың халық саны өте көп – шамамен 40 миллион, бұл елді тек қозғалыс ретінде қабылдауға болмайды, ол жақта қарапайым ауған азаматтары да бар. Бұл біздің аймақтық көршіміз және онымен жұмыс істеуіміз керек", – деді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар