Әлеуметтік желіде «Хакер Атырау» атымен танылған 32 жастағы Нұрлан Жаңбырбаев 13 миллион теңге көлемінде алаяқтық жасады деген айыппен сот алдында жауап беріп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Қылмыстық іс бойынша айыпталушыға 12 эпизод бойынша айып тағылған. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, 12 жәбірленушіге жалпы есеппен 13 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
Сотталушы Нұрлан Жаңбырбаев бүгінге дейін тоғыз жәбірленушінің қаржысын қайтарып бергенін, енді қалған 4 миллион теңге көлеміндегі қарызды өтейтінін жеткізді. Алайда ол бұл қаражатты біреуді алдап-арбау арқылы алмағанын айтып отыр.
Сотталушының лақап аты бұған дейін Жангелдин ауылындағы бір отбасының төрт мүшесінің жоғалуына қатысты жантүршігерлік оқиғада да аталған болатын. Блогер ол іс бойынша өз бетінше зерттеу жүргізіп, оқиғаның хронологиясын әлеуметтік желіде белсенді жариялаған. Осы ақпараттар таралғаннан кейін, 9 қаңтарда тергеу соты оны сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Кейін, 19 ақпанда Интерпол оның Түркияда ұсталғанын хабарлап, Қазақстанға жеткізді. Осыдан соң оның өзге де алаяқтық істерге қатысы бар екені анықталды. Алайда мемлекеттік айыптаушы Жангелдиндегі оқиғаның бұл қылмыстық іске еш қатысы жоқ екенін және оған тек алаяқтық бабы бойынша айып тағылғанын нақтылады.
Сот процесі жәбірленушілердің қатыса алмауына байланысты кейінге шегерілді. Іс барысы туралы прокурор Абылайхан Әбужанов төмендегідей төл сөзін келтірді:
«Жәбірленушілерді жауаптау сатысындамыз. Қазір төрт жәбірленуші қалды. ҚР ҚК 190-бабы, 3-тармағы, 4-бөлігі, яғни «Алаяқтық» бабымен, бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін айып тағылды».
Қазіргі таңда сот тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.