Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Атыраудағы қанды оқиға туралы болжам айтқан хакер Түркия аумағында тұтқындалды (ВИДЕО)

14:46, 05 маусым 2026

Атырау облысында бір отбасының жұмбақ жағдайда жоғалып кетуіне қатысты резонансты іс бойынша әлеуметтік желіде өз болжамдарын белсенді бөлісіп келген 32 жастағы ер азамат Түркия аумағында тұтқындалды, деп жазады Alash.kz. 

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Атырау облыстық прокуратурасының хабарлауынша, Интерпол құрылымдарының көмегімен құрықталған бұл азамат бұған дейін халықаралық іздеуде болған. Қазіргі уақытта ұсталған азаматты елге қайтару, яғни экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.

Желі қолданушыларына «Атыраулық хакер» деген бүркеншік есіммен танылған ол өңірдегі отбасының жоғалуына қатысты түрлі нұсқаларды алға тартып, тіпті бұл оқиғаға қатысы бар деген ықтимал күдіктілердің де есімдерін ашық жариялаған болатын. Оның бұл әрекеттері желіде үлкен талқылау тудырып, қысқа мерзімде көпшіліктің назарын аудартты.

Алайда құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, оның шет елде ұсталуына бұл жазбалары емес, мүлдем басқа заңсыздықтар себеп болған. Күдіктінің үстінен бірнеше рет алаяқтық жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот шешімімен оған сырттай күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленген екен. Ресми органдар алаяқтыққа қатысты өрбіп жатқан бұл қылмыстық істің Атырау облысындағы отбасының қаза болуын тергеу ісіне ешқандай қатысы жоқтығын нақтылап өтті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар