Шайыр ауылындағы даудан кейін Мақсат Ақанов 6 айға ресми айтыстардан шеттетілді. ақын інісі Нұрмұхамед Байсүгір ағасына араша түсіп, өз уәжін айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Шығыс Қазақстан облысы Шайыр ауылының 100 жылдығына арналған айтыста ақын Мақсат Ақановтың айтқан сөздері әлеуметтік желіде үлкен дау тудырған еді. Белгілі ақын Нұргүл Хасанова әріптесінің бұл әрекетін «көргенсіздік» деп бағалап, сахна мәдениетінің тапталғанына наразылық білдірсе, Айтыс Одағының төрағасы Аманжол Әлтаев аталған шараның Одақтың ресми жоспарына кірмейтінін жеткізді. Десе де, орын алған жайтқа байланысты алдағы жарты жылда Мақсат Ақановты ресми айтыстарға қатыстырмау туралы шешім қабылданды.
Осы мәселеге қатысты сөз алған Нұрмұхамед Байсүгірдің айтуынша, халықтың өнер иесіне деген ықыласын ақшаға да, алтынға да сатып алу мүмкін емес, сондай-ақ елдің махаббатын арандатушылықпен де тартып алуға болмайды.
«Кешеден бері әлеуметтік желіде ағамыздың бір сәтсіздеу сәттерін жариялап, жарыса жазып жатыр екен. Біреулер даттап жатыр. Біреулер ақтап жатыр. Біреулер түсінбей жатыр. Менің түсінгенім, халықтың өнер иесіне деген оның ішінде ақынға деген махаббатын, ықыласын ешқандай алтынға да ақшаға да сатып ала алмайсыз. Дәл сол секілді халықтың махаббатын арандатып та, тартып ала алмайсыз. Мақсат аға бәрібір Мақсат аға болып, өз биігінде қала береді біз үшін. Ағамыздың атына осындай ауыр сөздер айтылып жатқаннан кейін, інілері ретінде бұғып қала алмадық. «Ақын мен батыр аңғал келеді» дегендей, сәл аңғалдығын пайдаланып, кейбір қаралым жинау үшін жүрген қара ниетті жандар желіге жариялап жіберген екен. Негізі, жарияланбайтын дүние ғой. Бұл жігіттікке жатпайды! Мақсат ағамызды аттай қалап, халықтың өзі шақырады. Халық бәрібір де жақсы көреді. Мақсат аға «мен айтысқа қатысайын» деп, өзі де сұранмайды. Халық өзі шақырады. Сондықтан, Мақсат аға айтысқа мұқтаж емес. Айтыс Мақсатқа мұқтаж секілді. Аман болайық!», — деді Нұрмұхамед Байсүгір.
Айтыс Одағы ақынды жарты жылға ресми жарыстардан аластатқанымен, інілері бұл жағдайды хайп жинау үшін таратылған сәтсіз видео деп бағалап отыр.