Астана қалалық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловтың ұсталғаны хабарланды, деп жазды Alash.KZ ұлттық порталы Козачков Offside Telegram арнасына сілтеме жасап.
Дерекке сәйкес, Болат Мажағұлов 2016 жылғы Күн субұрқағының құрылысы кезінде ұрлық жасады деген күдікке ілінген.
Kozachkov offside Telegram арнасының жазуынша, аталмыш нысанның ашылуы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне орайластырылған. Десе де, 2017 жылдан бастап субұрқақ апатты жағдайда тұр.
Тергеу барысында жобаға 1 миллиард теңгеден аса қаражат жұмсалғаны анықталды. Сонымен қатар Мәдениет басқармасы субұрқақ құрылысын мемлекеттік сатып алу рәсімінсіз жүргізген. Оның жоба-сметалық құжаттамасы болмаған және мемлекеттік сараптамадан өтпеген.
Кейін белгілі болғандай, аталмыш нысан сапасыз материалдардан жасалғандықтан, көп ұзамай бұзылып қалған.
Тергеуге жауапты Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, бұл іске сол кездегі Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының тікелей қатысы бар.
Тергеу аясында Болат Мажағұловтың 3 коммерциялық нысанына, 2 автотұрағына және премиум-класты үйдегі пәтеріне шектеу қойылды.
Субұрқақ құрылысына қатысты тұманды істе күдіктілер қатары қалың. Атап айтқанда, Күн субұрқағын салған мердігер компаниялардың өкілдері де бар. Олардың қазір жалпы құны 500 миллион теңгеден асатын мүлкі тәркіленіп отыр.