Қазақстандық танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі жеке парақшасы арқылы өз өміріндегі ең қиын әрі ауыр сәттердің бірі туралы оқырмандарына ағынан жарылып айтып берді, деп жазады Alash.kz.
Өнер иесі араға тура 40 жыл салып барып өз әкесімен қайта қауышқанын, алайда осы бір көптен күткен ыстық кездесуден кейін көп уақыт өтпей-ақ, асқар таудай әкесінен мәңгілікке айырылып қалғанын зор өкінішпен еске алды. Бұл оқиға актрисаның жанына қатты батқанын және адам өміріндегі кейбір сөздердің қадірін тереңірек ұғынуға мәжбүр еткенін жасырмады.
Жүрегін мазалаған осы бір мұңды естелігімен бөліскен Айгүл Иманбаева желідегі жазбасында былай деп сыр шертті:
«Араға 40 жыл салып, әкеммен қайта табысқан едім. Сонда әкем: «Екінші жолдасымнан туған қызымды өз үйіріме қостым, енді бұл дүниеде арманым жоқ», – деген еді. Содан кейін араға үш ай салып дүниеден озды. Адам баласының «арманым жоқ» деп айтпауы керектігін сонда ғана түсіндім. Ешқашан армандаудан шаршамаңыздар, армандарыңыз асқақ болсын».