Марқұм Шерзат Полаттың әпкесі Бақыт Реимованың баласы Тоқаевтан көмек сұрады, деп жазады Alash.KZ.
Ол анасы жалғыз асыраушысы екенін, оны Қазақстаннан шығармауын сұрады. Сондай-ақ ол анасынан басқа ешкімі жоғын, елден кетсе, оны 5 жылдан аса көре алмайтынын жеткізді.
"Құрметті, Президент Қасым-Жомарт Келелұлы Тоқаев! Мен Мейірбек - Бақыттың баласымын. Сот менің анамды 15 тәулікке қамап, Қазақстан аумағынан шығаруға үкім шығарған болатын. Менің анам Реимова Бақыт - жалғыз асыраушым. Мен кәмелет жасқа толмаған баламын. 11- сыныпта оқимын. Анамнан басқа менің, менен басқа анамның ешкімі жоқ. Мені анамнан айырмауларыңызды сұраймын! Анамның Қазақстаннан басқа баратын жері жоқ. Біз қазақпыз, анам да, мен де қазақпын. Анам Қазақстаннан шықса, бес жылға дейін көре алмаймын. Үкімге қарауыңызды сұраймын!" дейді Реимованың ұлы.
Ал марқұм Шерзат Полаттың әкесі желтоқсанның соңында бостандыққа шығады.
Айта кетейік, Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов "Бұзақылық" бабы бойынша, қарындасы Бақыт Реймова “Митингке шақыру” бабы бойынша 15 тәулік қамауға алынып, елден шығарылатыны айтылған еді. Ал қарындасы Салтанатқа 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл салынған.