Алматы облысында алимент бойынша берешегін жабу мақсатында өз мүшесін саудаға салған 34 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп жазады Alash.kz.
Құқық қорғау органдары жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде заңсыз мәмілеге жол берілмей, күдікті қолға түскен.
Оқиға осы жылдың қаңтар айында басталған. Ер адам әлеуметтік желілерде өз бүйрегін сататыны туралы хабарландыру жариялаған. Оның бұл ұсынысына құзырлы органдармен құпия түрде ынтымақтастық орнатқан тұлға жауап қатып, «сатып алушы» ретінде кездесуге келген. Мәміле жасау кезінде күдіктінің әрекеті толықтай бақылауда болған.
Тергеу барысында анықталғандай, ер адам мұндай қадамға алимент бойынша жиналып қалған қомақты қарызын төлеу үшін барған. Ол мүшесін сату арқылы қаржылық қиындықтарын шешпек болғанын мойындады. Алайда Қазақстан заңнамасына сәйкес адам ағзасын саудалау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Сот істің мән-жайын қарап, ер адамды кінәлі деп таныды. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енді.