Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Әлеуметтік желі қолданушыларының маған таққан жаласы" - “Хутор” бандасының жетекшісі атанған Хасан Қасымбаев

20:57, 14 қазан 2024 1979

Талғардағы 16 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысы бар делінген “Хутор” бандасының жетекшісі атанған Хасан Қасымбаев тәуелсіз журналист Сандуғаш Дүйсеноваға сұхбат берді, деп хабарлайды Alash.KZ. 

Талғар тұрғындары бұл қылмыстың артында «Хуторлықтар» деп аталатын қылмыстық топқа қатысты деп отыр. Ал бұл топты ағайынды Хасан, Аслан және Ержан басқарады деген қауесет бар. Тергеу әлі жалғасып жатқанымен, полиция мұндай топтың барын жоққа шығарды. Алайда бұл жұрт арасында түрлі болжамдардың таралуына тосқауыл бола алмады.

Orda.kz тілшісі Хасан Қасымбаевты іздеп тауып, оны тек қылмыстық топ жетекшісі ғана емес, құқық қорғау органдары мен билікте таныстары бар қолы ұзын деген айыптарға қатысты пікірін тыңдады.

Жұрт Атаба, Баха Фестиваль, Рыжий Алмаз және Дикий Арман сияқты белгілі криминалдық авторитеттерді естіген. Соңғы уақытта Талғар ауданын бақылап отырған «Хуторлықтар» деген қылмыстық топ бар екені туралы гу-гу әңгіме тарап кетті. Сізді сол топтың жетекшісі деп атайды. Бұл рас па?

— Бұл тек өсек-аяң, әлеуметтік желі қолданушылары ойдан шығарған жала. «Хуторлықтар» атауы бұрын Тұрар Рысқұлов ауылының Хутор деп аталуымен байланысты. Мен ол жерден 2015 жылы көшіп кеттім, мені неге қылмыстық топтың жетекшісі деп атайтынын түсінбеймін. Заңды ешқашан бұзған емеспін.

Бұл қауесеттерді кім таратуы мүмкін деп ойлайсыз?

— Кімнің қауесет таратқанын білмеймін. Мен ешкімге зиян келтірген емеспін, ешкімнің бизнесін тартып алған жоқпын.

Өзіңіз туралы айтып беріңізші...

— Менің атым Қасымбаев Хасан Нұрғайыпұлы. Мен қазақпын, Ұлы жүздің Албан руынанмын. 1984 жылы Алматы облысы Райымбек ауданының Қарқара ауылында дүниеге келдім. 1998 жылы әкемнің жаңа жұмысқа ауысуына байланысты Талғар ауданының Тұрар Рысқұлов ауылына көшіп келдік. Мен сол жерде мектепті тәмамдадым. Кейін Қазақ Ұлттық университетінің химия факультетіне түсіп, оқуымды аяқтаған соң Қызылорда облысында жұмыс істедім. 2011 жылы Талғарға оралып, кәсіпкерлікпен айналыса бастадым.

Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз?

— Менің бетон шығаратын зауытым бар. Цемент сатумен айналысамын.

Әлеуметтік желілерде сіздің жоғары лауазымда туыстарыңыз бар екені, олар сізге қатысты кез келген істі жаба алатыны туралы жазылды. Бұл рас па?

— Бұл шындыққа жанаспайды. Иә, менің ағам Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімінің аппаратын басқарады. Бірақ менің отбасымның құқық қорғау органдарына қатысы жоқ. Туысқандарым полицияда немесе прокуратурада жұмыс істемейді.

Кіші бауырыңыз Ержан сотталған екен. Ол не үшін жазаланды?

— Иә, 2017 жылы Ержан 14 жылға сотталды. Қазір ол жазасын түрмеде өтеп жатыр. (Ред. еск.: Ержан Қасымбаев кеденші Медет Жамашевті тапсырыспен өлтіргені үшін сотталған.)

Әлеуметтік желілерде таралған бауырыңыздың суреттері жайлы не дейсіз?

— Бұл біздің отбасы үшін өте ауыр тақырып. Бұл тұралы сөйлесу маған қиын. Бұл жайлы әңгімені қайта қозғамауды өтінемін.

Сіз марқұм Шерзат Болатты немесе оның отбасын танитын бе едіңіз?

— Бұл өте қайғылы жағдай. Мен оның ата-анасына көңіл айтамын. Баланы ата-анасының жерлеуі — кез келген адам үшін ауыр трагедия. Мұндайды жауыңа да тілемейсің. Мен Шерзат пен оның ата-анасын танымаймын, сондай-ақ күдіктілерді де білмеймін, себебі ауылдан 2015 жылы көшіп кеткенмін.

Сізді полицияға әкелген жағдайлар болды ма? Сіздің саусақ іздеріңіз алынған кездер болып пе еді?

— Жоқ, ешқашан болған емес. Мен құқық қорғау органдарына ұсталып еш уақытта істі болып көрмедім.

 

Әлеуметтік желілерде таралған қару-жарақпен және танымал адамдармен түскен суреттеріңізді қалай түсіндіресіз?

— Бұл суреттер бірнеше жыл бұрын түсірілген. Мен тек танымал спортшылармен және жұлдыздармен бірге суретке түскенмін. Ал қару-жарақпен түскен суреттер аңшылық кезінде түсірілді. Ал қару достарымдікі болатын.

Сізді бұрынғы Бас прокурор Жақып Асановпен байланысы бар дейді. Бұл рас па?

— Мен оны танымаймын және ол менің туысым емес. Қоғамға шындықты жеткізіп, мен және отбасым жайлы жалған ақпарат таратқандарды жауапкершілікке тартуға шақырамын.

P.S. Егер сізде бұл іс бойынша нақты деректер немесе дәлелдер болса, бізге хабарласуыңызды өтінеміз. Біз ашық диалогқа және шындықты ашуға дайынбыз.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар