Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов әйелін аяусыз соққыға жықты деген күдікке ілінді

16:03, 04 шілде 2026

Әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов әйелін аяусыз соққыға жықты деген күдікке ілінді, деп жазды Alash.kz.

Бокстан әлем және Азия чемпионы Теміртас Жүсіпов әйеліне ауыр дене жарақатын салды деген күдікке ілінді. Бұл туралы жәбірленушінің сіңлісі әлеуметтік желіде мәлімдеді.

Туысының айтуынша, оқиға Көкшетау қаласында маусым айының соңы мен шілде айының басында болған. Оның сөзінше, спортшы жұбайын қатты соққыға жығып, салдарынан әйел ауыр халде ауруханаға түскен.

Жәбірленушінің медициналық құжаттарында тұншығу (асфиксия), бастың ашық жарақаты, құрысу және бас миының ісінуі тіркелгені айтылған. Әйелдің ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізілгені хабарланды.

Сондай-ақ туыстары тергеудің әділ өтуіне алаңдаушылық білдірді. Олардың мәліметінше, Теміртас Жүсіпов ұсталғаннан кейін бес сағат өткен соң босатылған. Бұдан кейін ол әйеліне қысым көрсетіп, ажырасқан жағдайда өлтіретінін айтып қорқытқан және таныстары арқылы оны психикалық ауруға шалдыққан адам ретінде көрсетіп, балаларын тартып алуға әрекеттенетінін жеткізген.

Ақмола облыстық полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«30 маусым күні Көкшетау қаласының тұрғыны отбасылық жанжал барысында жұбайына дене жарақатын салған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді полиция.

Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп, оның қорытындысы бойынша қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін хабарлады.

 
 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар