Ресейдің Қиыр Шығысындағы Петропавловск-Камчатск қаласында жабайы аңның қатысуымен қайғылы оқиға тіркелді, деп хабарлайды Alash.KZ.
Мектеп жанында жүрген әйелге аю шабуыл жасап, ауыр жарақат салды. Дәрігерлер жәбірленушіні шұғыл түрде ауруханаға жеткізгенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Куәгерлердің айтуынша, аю кенеттен пайда болып, мектеп аумағына жақын маңда жүрген әйелге тап берген. Бұл жағдай жергілікті тұрғындар арасында үрей туғызды, себебі шабуыл балалар көп жүретін аумақта орын алды.
Кейін белгілі болғандай, дәл осы аю бұған дейін де адамдарға қауіп төндірген. Бірнеше күн бұрын ол ер адамға тап бермек болған. Алайда әлгі кісіні көлікке кіріп үлгергені құтқарып қалған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан оқиғаның мән-жайын көруге болады.
Жергілікті билік пен полиция өкілдері жағдайды бақылауға алып, қауіпті жануарды атып тастағанын мәлімдеді. Бұл шешім тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалғаны айтылды.