Түркістан облысының Ордабасы ауданында 27 жылқы елді мекен аумағына кіріп, абаттандыру жұмыстарына зиян келтірді. Қараусыз қалған үйірдің әрекеті полицияның бейнебақылау камераларына түсіп қалған, деп жазады Alash.kz.
Кадрлардан жылқылардың көше бойындағы жасыл желек пен гүл егілген аумақтарды таптап, бүлдіргенін көруге болады. Оқиғаға жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары жануарларды ұстап, арнайы орынға орналастырды.
Кейін тексеру барысында жылқылардың иелері анықталды. Оларға малды қараусыз жібергені үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелді.
Полиция өкілдері мал иелеріне ескерту жасап, төрт түліктің еркін жайылуына жол бермеу қажеттігін еске салды. Себебі қараусыз жүрген жануарлар қоғамдық орындардың көркін бұзып қана қоймай, автожолдарға шығып кетсе, ауыр жол апатына да себеп болуы ықтимал.