Мектепке білім алуға барған бүлдіршіннің басынан өткен жағдай ата-анасын есеңгіретіп тастады. Шымкентте бірінші сыныпта оқитын қызға жыныстық сипаттағы әрекет жасады деп айыпталған 36 жастағы мұғалімге сот үкімі шықты, деп жазады Alash.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Педагог 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылып, жәбірленуші тарапқа 6 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.
Оқиға биыл ақпан айында Шымкенттегі жекеменшік мектептердің бірінде болған. Бірінші сынып оқушысы ата-анасына цифрлық сауаттылық пәнінен сабақ беретін мұғалімнің өзіне тиіскенін айтқан.
Қызының сөзінен алаңдаған ата-анасы болған жағдайдың мән-жайын анықтауға кіріседі. Көп ұзамай мектептегі бейнебақылау камералары жазбасының бар екені белгілі болған. Осыдан кейін мұғалімнің әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Алайда істің құқықтық саралануы барысында өзгеріс болған. Бастапқыда педагогке жас балаларды азғындату бабы бойынша айып тағылғанымен, кейін қылмыстық іс қайта қаралып, әрекеті сексуалдық сипаттағы тиісу бабына ауыстырылған.
Сот 36 жастағы мұғалімді кінәлі деп танып, оған 200 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.
Сонымен қатар сотталған азамат жәбірленуші тарапқа келтірілген моральдық және материалдық шығынды өтеуге міндеттелді. Оның ішінде 3 миллион теңге моральдық зиян үшін, тағы 3 миллион теңге материалдық шығын ретінде төленуі тиіс.
Бірінші сынып оқушысы үшін мектеп қауіпсіздік пен сенімнің мекені болуы керек. Ал осы оқиға ата-ананың баласын кімге сеніп тапсыратынына қатысты алаңдаушылығын тағы да күшейтті.