Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері анықталды (ФОТО)

17:49, 05 қараша 2026

Қазақстанда «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру жөніндегі конкурстық комиссияның қорытынды отырысы өтіп, 10 номинация бойынша 20 жеңімпаз анықталды, деп хабарлайды Alash.kz.

Аталған жиынға Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев қатысты. Бұған дейін 27-29 қазан аралығында алты секциялық отырыстан тұратын екі кезеңдік іріктеу жүргізілген болатын.

Биыл беделді сыйлыққа қатысуға барлығы 504 өтінім келіп түсіп, оның 429-ы комиссияның қарауына жіберілді. Өтінімдердің басым бөлігі «Ғылым» (119 өтінім) және «Қоғамдық қызмет» (75 өтінім) бағыттарына тиесілі болды. Сондай-ақ «Театр және кино» аталымы бойынша — 58, «Халық шығармашылығына» — 43, «Классикалық музыкаға» — 30, «Әдебиетке» — 23, «Эстрада» мен «Дизайн және бейнелеу өнеріне» — 22-ден, «Спортқа» — 20 және «Журналистика» саласына 17 өтінім қабылданды.

Үміткерлерді бағалау жұмыстарына Парламент депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, ғалымдар, мәдениет пен өнер қайраткерлері, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері, кәсіпкерлер және Президенттік жастар кадр резервінің өкілдері енген арнайы комиссия жауапты болды. Жиын барысында министр іріктеудің әділдігі мен талантты жастарды қолдаудың маңыздылығына тоқталып, комиссия мүшелеріне ризашылығын білдірді.

Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі 2026 жылдың 26 қарашасына жоспарланған. Айта кетейік, ғылым, шығармашылық, спорт пен қоғамдық қызметтегі дарынды жастарды ынталандыру мақсатында 1992 жылы тағайындалған бұл сыйлықты осы уақытқа дейін 400-ге жуық азамат иеленген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар