Францияда ауқымды наразылық акциясы өтпек. Алдын ала болжам бойынша, жалпыхалықтық ереуілге ел бойынша 500-700 мыңға жуық адам қатысуы мүмкін. Кәсіподақтар үкіметке қысымды күшейтуге дайындалып жатыр, деп жазады Alash.kz порталы BBC-ге сілтеме жасап.
Наразылық шаралары Францияның бірнеше аймағын қамтиды. Акцияға мемлекеттік және жеке сектордағы бес ірі кәсіподақ ұйымы қосылған. Олар еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеруді және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен қорғалуын талап етіп отыр.
Қарсылық қозғалысы алғашында қыркүйек айында білім беру саласындағы проблемаларға байланысты басталған. Жоғары сынып оқушылары мектептердегі ресурстардың тапшылығы мен білім беру жүйесінің жағдайына наразылық білдірген. Кейін бұл көңіл күй басқа әлеуметтік топтарға да таралып, жұмысшылар мен өзге де азаматтарды біріктірді. Қозғалысқа «сары жилеттер» қозғалысының өкілдері де қосылған.
Кәсіподақ жетекшілерінің бірі алдағы шеруді «бірліктің ұлы күні» деп сипаттады. Ұйымдастырушылар жұмысшыларды ғана емес, зейнеткерлер мен жастарды да бейсенбі күні өтетін ереуілге қатысуға шақырып отыр.
Парижде наразылыққа ондаған мың адам жиналуы ықтимал. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Франция билігі ауқымды қауіпсіздік шараларын қолға алмақ.
Елдің ішкі істер министрі Лоран Нуньес шерулер кезінде 70 мың полиция қызметкері мен жандарм жұмылдырылатынын мәлімдеді. Министр тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа жол бергендерге қатысты қатаң шара қолданылатынын ескертті.
Наразылықтар аясында Францияда шеруге қатысушылардың жауапкершілігі мәселесі де қызу талқыланып жатыр. Парламенттің жоғарғы палатасы жаппай акциялар кезінде келтірілген залал үшін қатысушыларға ұжымдық материалдық жауапкершілік жүктеуді қарастыратын заң жобасын мақұлдаған.
Осылайша, Францияда әлеуметтік-экономикалық талаптармен басталған қарсылық саяси және қоғамдық сипат алып келеді. Алдағы ереуіл үкіметтің халық наразылығына қалай жауап беретінін көрсететін маңызды сынақ болмақ.