Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Менің абсолютті билігім бар»: Трамп әлем күтпеген өткір мәлімдеме жасады

14:38, 05 қараша 2026

АҚШ Президенті Дональд Трамп Конгреске өткен аралық сайлауда Демократиялық партияның басымдыққа ие болуына байланысты өз ұстанымын білдіріп, Truth Social әлеуметтік желісінде үстіне «VETO» деген жазу жазылған қызыл кепкенің суретін жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.

Аралық сайлаудың алдын ала нәтижелері бойынша Демократтар Сенатта басымдыққа ие болып, Өкілдер палатасында да көпшілік орынды иеленуге жақындады. Атап айтқанда, Демократ Рой Купер Солтүстік Каролина штатында жеңіске жетсе, Огайо штатында Шеррод Браун қазіргі республикашыл сенатор Джон Хастедтен басым түсті. Трамп 4 қараша күні таңертең Fox News эфиріне телефон арқылы қосылып, оппоненттерін жеңісімен құттықтағанымен, CBS News арнасына берген сұхбатында қарсыластар ұсынатын кез келген заң жобасын бұғаттайтынын ескертті. Сондай-ақ ол өзін «Мистер Вето» деп атауға дайын екенін айтып, мынадай ресми төл сөзін білдірді:

«Менің абсолютті билігім бар. Ол вето деп аталады», — деп мәлімдеді Дональд Трамп.

Сайлаудан кейін АҚШ басшысы әлеуметтік желіде белсенділік танытып, жеңілістің себептерін өз партияластары мен медиадан іздеді. Алдымен ол дауыс беру тізімінде өзінің болмағанын алға тартып:

«Мен сайлау бюллетенінде болған жоқпын. Егер болғанымда, біз басым дауыспен жеңер едік!» — деп жазды Президент.

Бұдан соң Трамп Техас губернаторы Грегг Эбботты «RINO» (тек сөз жүзіндегі республикашыл) деп айыптады. Губернатордың әрекетіне көңілі толмаған ол:

«Ол бұрынғы әдетіне қайта басты, соңы жақсы болмады!» — деп шүйлікті.

Сонымен қатар Дональд Трамп оңшыл көзқарастағы Fox News телеарнасын да қатаң сынға алды. Ол арнаның Нью-Йорктің бұрынғы мэрі, демократ Билл де Блазионы эфирге шақыруын айыптап, өз наразылығын келесідей жеткізді:

«Fox News неге Нью-Йорк тарихындағы ең нашар мэр Билл де Блазионы эфирге шығарып, оның есі кеткен адамдай айқайлап, долданып жатқанын көрсетеді? Fox News оппозиция өкілдерін үнемі эфирге шақырғандықтан, бұл жеңілістерге жауапты», — деп мәлімдеді АҚШ басшысы.

Сөз соңында Дональд Трамп алдағы уақытта саяси шолушы ретінде кандидаттардың неліктен жеңіске жеткенін немесе жеңілгенін жеке түсіндіріп отыратынын жеткізді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар