Алматының Наурызбай ауданындағы сақ дәуіріне жататын Қарағайлы қорымынан алтын аю мүсіншесі мен бірнеше адамның сүйегі табылды. Алдын ала зерттеу бойынша, қорған б.з.д. IV–III ғасырларға жатады. Бұл туралы Алматы қаласы музейлер бірлестігі мәлімдеді, деп жазады Alash.kz
2026 жылы қала әкімдігінің қолдауымен Қарағайлы қорымындағы ерте темір дәуіріне жататын қорғанға археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Қорғанның диаметрі 25–26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр. Мамандардың мәліметінше, ескерткіш ежелгі заманда тоналған. Қазба кезінде тереңдігі үш метр болатын тонаушылар шұңқыры анықталған.
Археологтар адам сүйектерінің едәуір бөлігін тапқан. Алдын ала болжам бойынша, қорғанда төрт ересек адам мен үш бала жерленуі мүмкін. Алайда жерленгендердің нақты саны әзірге анықталған жоқ.
Сондай-ақ қазба барысында сақ дәуіріне тән қыш ыдыстардың сынықтары табылған. Мамандардың айтуынша, артефактілердің көпшілігі көне замандағы тонаудан кейін ретсіз шашылып қалған.
Табылған заттардың ішіндегі ең құндысы – аю бейнесіндегі шағын құйма алтын мүсінше. Мамандардың болжамынша, ол бас киімді безендіруге арналған. Бұйымдағы тесіктер оның киімге тігіп бекітілгенін көрсетеді.
Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықованың айтуынша, мұндай алтын аю мүсіншесі Қазақстанда бұрын кездеспеген. Оның пікірінше, бұл олжа Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі Еуразия кеңістігіндегі мәдени байланыстарды зерттеуге мүмкіндік береді.
Музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері Марат Нұрпейісовтің айтуынша, бір қорғаннан табылған адам сүйектерінің көптігі ерекше қызығушылық тудырып отыр. Өйткені Қазақстанда көлемі осындай қорғандарға, әдетте, бір немесе екі адам жерленген. Сондықтан жерленгендердің нақты санын анықтау үшін антрополог мамандарды тарта отырып, қосымша зерттеулер жүргізу жоспарланған.
Археологиялық зерттеулер толық аяқталып, табылған материалдар ғылыми өңдеуден өткен соң, ең құнды жәдігерлерді Алматы музейінің экспозициясына енгізу көзделіп отыр.
Айта кетейік, Алматы қаласы музейлер бірлестігі 2022 жылы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге арнайы лицензия алған. Сол жылы Алатау ауданындағы ерте темір дәуіріне жататын қорғаннан б.з.д. V–II ғасырларға тиесілі сақ жауынгерінің бұзылмаған жерлеу орны табылған. Қазба кезінде алтынмен әшекейленген қылыш сынықтары, аң стиліндегі алтын бұйымдар, күміс заттар мен адам сүйектері анықталған.
2024 жылы Алатау ауданындағы тағы бір қорғанды зерттеу кезінде адам сүйектерінің фрагменттері, қоладан жасалған бекіткіштер мен шегелер табылды. Ал 2025 жылы ерте темір дәуіріне жататын қорғандардың бірінен ежелгі тонаушылар қазған жерасты жолы анықталған.
Бұдан бөлек, «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде Италия мен Франция мамандарының қатысуымен геофизикалық зерттеулер жүргізілген. Заманауи әдістер арқылы тарихи ескерткіштердің жер астындағы құрылымы зерттелген.