Маңғыстауда әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында, деп хабарлайды Alash.KZ порталы dalanews.kz дерегіне сүйеніп.
Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр.
Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтау үшін кешенді тергеу әрекеттері жүргізілген.
"Қазірге дейін 300-ден аса адамнан жауап алынып, 30-дан аса сот сараптамасы мен зерттеу жүргізілді", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, тергеу барысында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен 8 лауазымды тұлға сот санкциясымен қамауға алынды. Олар - Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары мен жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ, катер капитаны.
"Жақын арада тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр. Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында", - деп жазылған хабарламада.