Қазақстандық 23 жастағы актер Диас Қалдыбеков әлемге әйгілі голливудтық «Голодные игры: Рассвет Жатвы» (The Hunger Games: Sunrise on the Reaping) фильмінің актерлік құрамына еніп, Англер есімді кейіпкердің рөлін сомдады, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнерпаздың бұл жобаға қатысқаны Filmmakers Europe платформасындағы оның кәсіби актерлік портфолиосы арқылы расталды. Сонымен қатар актер 4 қарашада социалды желідегі Instagram парақшасында түсірілім алаңынан алынған фотосуреттерді жариялап, жобаны ресми түрде растаған болатын.
Астана қаласында 2003 жылы дүниеге келген Диас Қалдыбеков Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжін «Хор дирижерлігі» мамандығы бойынша аяқтаған. Кейін Берлинге қоныс аударып, 2024 жылдан бастап Cours Florent Berlin театр мектебінде дайындықтан өтуде. Төрт тілді (қазақ, орыс, ағылшын, неміс) еркін меңгерген, музыкалық дағдылары мен сахналық шайқас шеберлігі шыңдалған жас актер MABO Agency халықаралық агенттігімен жұмыс істейді. Бұған дейін ол еуропалық «Bitten Soon» және «Alien Husband» сияқты қысқаметражды жобаларда бой көрсеткен.
Режиссер Фрэнсис Лоуренс түсірген бұл туынды — танымал франшизаның алтыншы фильмі. Сюжет Сьюзен Коллинздің 2025 жылдың наурызында жарық көрген бестселлер романына негізделген және негізгі оқиға желісі Китнисс Эвердиннің тарихынан 24 жыл бұрынғы 50-ші Голодные игры (Екінші Ширек қырғыны) оқиғаларын баяндайды. Суретте жас Хеймитч Эбернетидің (актер Джозеф Зада) басынан кешкен қатал сындары көрсетіледі. Картинада қазақстандық актермен бірге Рэйф Файнс, Эль Фаннинг, Джесси Племонс, Гленн Клоуз, Киран Калкин және Маккенна Грейс сияқты әлемдік кино жұлдыздары бой көрсетті.
Туындының Лондонда өткен премьералық көрсетілімінен кейін халықаралық киносыншылар тарапынан алғашқы оң бағалар берілді. Фильмнің Қазақстандағы ресми прокаты 2026 жылдың 19 қарашасына жоспарланса, Солтүстік Америкадағы көрсетілімі 20 қарашада басталады.