Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ресейден 1000-нан астам жүк көлігін заңсыз өткізген»: Астанада экс-шенеунікке сот үкімі шықты

16:50, 05 қараша 2026

Астанада Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармаларының бірінің бұрынғы басшысының міндетін атқарушы пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Alash.kz.

Сот материалдарына сәйкес, бұрынғы шенеунік 2025 жылдың қыркүйек және қазан айларында Ресей азаматымен келісіп, Батыс Қазақстан облысындағы өткізу бекеттері арқылы жалпы саны 1003 жүк көлігінің кедергісіз өтуіне жағдай жасаған. Осы заңсыз қызметі үшін ол 100 миллион теңге көлемінде пара алған. Оған қоса, ол шетелдік азаматқа тәуекелдерді басқару жүйесіне іліккен компаниялар мен жеке кәсіпкерлер туралы қызметтік ақпарат беріп, шектеулерді айналып өту жолдарын көрсетіп отырған. Ал ақшаны жеткізіп, делдалдық жасағаны үшін 24,8 миллион теңге алған екінші сотталушы 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімімен екі азаматтың да мүлкі тәркіленіп, оларға өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Сонымен бірге қылмыстық жолмен табылған қаражат мемлекет кірісіне тәркіленіп, заңсыз табысты өндіріп алу туралы шешім қабылданды. Мемлекеттік айыптаушы экс-шенеунікке 12 жыл сұрағанымен, сот екі сотталушының да кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерген. Дегенмен бұрынғы шенеуніктің антты бұзуы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды. 4 қарашада шыққан бұл үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Елде шекара арқылы жүк көліктерін заңсыз өткізуге қатысты заңбұзушылықтар бұған дейін де тіркелген. Мәселен, 2026 жылдың маусымында Түркістан облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция және прокуратура өкілдері жүк көліктерін кеденнен жылдам өткізуді ұйымдастырған топтың жолын кескен болатын. Ол іс бойынша 17 адамға қатысты тергеу басталып, бесеуі уақытша ұстау изоляторына қамалып, тінту барысында қару-жарақ пен ірі көлемде ақша тәркіленген еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар