Қазақстанда 2027 жылдан бастап бала күтіміне және жүктілік пен босануға байланысты берілетін әлеуметтік төлемдердің ең жоғары мөлшері едәуір артуы ықтимал, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлім етті. Оның айтуынша, бұл өзгеріске елдегі ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспары негіз болады. Ең төменгі жалақының өсуі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдердің ең жоғары шегіне тікелей ықпал етпек.
Жаңа жоспар жүзеге асқан жағдайда, жұмыс істейтін ата-аналарға бала 1,5 жасқа толғанға дейін төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемнің ең жоғарғы шегі қазіргі 238 мың теңгеден 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап 308 мың теңгеге дейін өседі. Нәтижесінде ата-аналар алатын төлемнің шекті сомасы 70 мың теңгеге артқанымен, бұл сома барлығына бірдей берілмейді. Нақты төлем мөлшері азаматтың соңғы 24 айдағы орташа табысы мен әлеуметтік аударымдарына байланысты есептеледі.
Сонымен қатар жүктілік пен босануға байланысты берілетін біржолғы әлеуметтік төлемнің де жоғарғы шегі ұлғаяды. Қазіргі уақытта стандартты 126 күндік декреттік демалыс үшін төленетін әлеуметтік төлемнің максималды сомасы шамамен 2,5 миллион теңгені құраса, 2027 жылдан бастап бұл көрсеткіш 3 миллион теңгеден асуы мүмкін. Төлемнің нақты мөлшері әйелдің соңғы 12 айдағы орташа табысы мен декреттік демалыстың ұзақтығына қарай жеке анықталады.